Алматыда екі жасар баланың анасы дәрігерге қол көтерді

0
107

​Полиция мәліметіне сәйкес, екі тарап та құқық қорғау органдарына арыз жазған.


Алматыда екі жасар баланың анасы дәрігерге қол көтерді

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Алматыдағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында кішкентай науқастың анасы мен медицина қызметкері арасында жанжал шықты. Оқиға орнына полиция шақырылып, қазір екі тарап та құқық қорғау органдарына арыз түсірген, деп жазады baq.kz.

Оқиға 31 мамырға қараған түні болған. Екі жасар баланы қабылдау бөліміне оның кәмелетке толмаған әпкесі алып келген. Дәрігер баланы тексеріп, оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы тұрақты болып, өміріне қауіп болмағандықтан, міндетті құжаттарды рәсімдеу үшін заңды өкілдерінің келуін күткен.

Кейін баланың анасы ауруханаға келген кезде оның дәрігермен арасында жанжал туындаған. Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мен куәгерлердің сөздері әйелдің медицина қызметкеріне күш қолданғанын растайды.

Полиция не дейді?

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім тергеу жүргізіп жатыр.

Полиция мәліметіне сәйкес, екі тарап та құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеледі. Әр тараптың әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес объективті құқықтық баға беріледі, – деп мәлімдеді полиция.

Сондай-ақ ведомство азаматтарды туындаған даулы жағдайларды тек құқықтық алаңда шешуге және әсіресе қоғамдық орындарда жанжалдың ушығуына жол бермеуге шақырды.