Алматыда БҰҰ-ның жаңа орталығы ашылады

0
164

​Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орталығы ашылады.


Алматыда БҰҰ-ның жаңа орталығы ашылады

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Сенатта Қазақстан аумағында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құруға қатысты екі заң қаралды, деп жазады baq.kz.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, құжаттар Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.

Заңдардың бірі Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өңірлік орталықты құру туралы келісімді ратификациялауды көздесе, екіншісі орталықтың қызметін қаржылық және техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялауға бағытталған.

Сенатордың сөзінше, келісім БҰҰ-ның түрлі агенттіктерінің қызметін бір алаңға шоғырландырып, олардың жұмысындағы қайталануды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжат халықаралық талаптарға сәйкес орталық қызметкерлеріне қажетті артықшылықтар мен иммунитеттер беруді қарастырады.

Ал меморандумға сәйкес Қазақстан қабылдаушы мемлекет ретінде 2025-2029 жылдар аралығында жыл сайын 3 миллион АҚШ доллары көлемінде ерікті жарна аударады. Бұл қаражат орталықтың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға, IT-инфрақұрылымын дамытуға, байланыс жүйелерімен қамтамасыз етуге және операциялық шығындарды өтеуге жұмсалады.

Қазақстан көрсетілген лимиттен тыс қосымша шығындар көтермейді. Бөлінген қаражаттың 13 пайызы БҰҰ-ның әкімшілік сүйемелдеуіне бағытталады. Барлық қаржылық қызмет ұйымның ішкі және сыртқы аудит талаптарына сәйкес жүзеге асырылады, – деді Бибігүл Жексенбай.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін орталық орналасатын ғимарат Қазақстан Үкіметінің қарамағына қайтарылады.

Депутаттың айтуынша, өңірлік орталықтың Алматыда орналасуы қаланың халықаралық дипломатиялық және іскерлік хаб ретіндегі мәртебесін күшейтеді. Сондай-ақ бұл қадам Қазақстанның БҰҰ алаңдарындағы ұстанымын нығайтып, ұлттық мүдделерді ілгерілетуге, отандық мамандардың халықаралық ұйымдардағы өкілдігін кеңейтуге және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құжаттардың қолданылу мерзімі бес жылға есептелген. Сонымен қатар оларды кейін ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған. Талқылау қорытындысы бойынша Сенат заңды мақұлдады.