Жаңа арена 35 мың көрерменге есептеліп, УЕФА-ның 4-санат талаптарына толық сәйкес келеді.
ERNUR.KZ. Алматыда халықаралық талаптарға сай жаңа футбол стадионы салынбақ. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында жобаның таныстырылымына қатысты, деп жазады baq.kz.
Жаңа арена 35 мың көрерменге есептеліп, УЕФА-ның 4-санат талаптарына толық сәйкес келеді. Жоба аясында жаттығу алаңдары, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары, заманауи қауіпсіздік жүйелері және аумақты абаттандыру қарастырылған.
Стадион Құлжа мен Талғар тас жолдарының арасында, шамамен 15 гектар жерде бой көтермек. Бұл аумақ болашақта қала үшін көлік-логистикалық хабқа айналып, көрермендер мен қонақтарға ыңғайлы жағдай ұсынбақ.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмысты жеделдетуіміз қажет. Келер жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталуы тиіс, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, 65 жылдан астам тарихы бар Орталық стадион сақталып, жеңіл атлетика инфрақұрылымы ескеріле отырып жаңғыртылады. Ол Алматы спорт тарихының бір бөлігі болып қала бермек.