Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Алматыдағы дәмханалардың бірінде тамақ тапсырыс берген ер адам сусынның орнына белгісіз химиялық сұйықтық ішіп, ауруханаға түскен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Зардап шегуші азамат қаладағы тамақтану орындарының бірінен тамақ пен сусынға тапсырыс берген. Туыстарының айтуынша, ол сусынды ұрттаған бойда түкіріп тастаған. Алайда, сол аз ғана мөлшердің өзі ауыр жарақат алуға жеткілікті болған.
Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы науқасқа мынадай диагноз қойды:
- Өңештің екінші дәрежелі химиялық күйігі;
- Терінің бірінші дәрежелі күйігі.
- Қазіргі таңда ер адам Орталық қалалық клиникалық аурухананың соматика бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
«Науқастың жағдайы тұрақты, жағымсыз өзгерістер байқалмайды. Медициналық көмек клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетіліп жатыр», — деді бөлім меңгерушісі Ақшолпан Шарапханова.
Зардап шегушінің жақындары бұл жағдайды жай ғана қателік емес, адам өміріне төнген тікелей қауіп деп санайды. Олар дәмхана әкімшілігіне қатысты тергеу жүргізіп, қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.
Қазақстанда асханалар мен дәмханалардың жауапсыздығы жиі кездеседі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаппай улану деректеріне байланысты 197 қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Олардың басым бөлігі медициналық тексеруден өтпеген азаматтар.


