Алматы тұрғыны автобустан құлап, омыртқасын сындырып алған

0
96

Жолаушы автобустан түсіп үлгермей жүргізуші қозғалып кеткен.


Алматы тұрғыны автобустан құлап, омыртқасын сындырып алған

фото: видео кадры

ERNUR.KZ. Алматыда жолаушы автобустан құлап, ауыр жарақат алды, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиға 21 желтоқсанда №104 бағыттағы автобуста болған. Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, жолаушы автобустан түсіп үлгермей жүргізуші қозғалып кеткен. Салдарынан әйел жерге құлап, омыртқасын сындырғаны айтылды. Автордың сөзінше, жүргізуші кешірім сұрамаған. Бұл ретте полиция да арыз қабылдамағаны айтылды.

Бұл жағдайға байланысты маршрутқа қызмет көрсететін "Олжас ЛТД" автопаркі пікір білдірді. Компания мәліметінше, автобустың ішкі бейнебақылау жазбасында көлік аялдамада тоқтап, жолаушыларды түсіргеннен кейін есіктер жабыла бастағаны көрінеді. Сол сәтте аялдамасын өткізіп алған жолаушы есікті ұстап, сыртқа шығуға тырысқан, салдарынан есік дұрыс ашылмай құлап қалған.

Автопарк өкілдері жүргізушінің басқа жолаушылармен бірге жедел жәрдем шақырғанын, алайда күту уақыты ұзақ болғандықтан, зардап шеккен әйелді жеке көлікпен ауруханаға өзі жеткізгенін хабарлады. Сондай-ақ жүргізуші рентген ақысын төлеп, қосымша тексерулерге 50 мың теңге бергені айтылды.

Компания зардап шеккен азаматша ресми түрде өтініш білдірген жағдайда, тасымалдаушының азаматтық жауапкершілігін сақтандыру арқылы өтемақы қарастырылатынын мәлімдеді.

Алматы Полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын, оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жүргізуші мен жолаушының әрекеттері анықталатынын хабарлады.