Оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел құтқару жасағының құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Серғазы Әбдіқадыр түсініктеме берді.
Фото: Видеодан алынған скрин
ERNUR.KZ. Осы демалыс күндері Алматы тауларында жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың мәйіті табылды. Марқұм 19 желтоқсан күні шамамен сағат 16:00–де әпкесімен соңғы рет байланысқа шыққан, деп жазады inform.kz.
Оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел құтқару жасағының құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Серғазы Әбдіқадыр түсініктеме берді.
— 18 желтоқсан күні Тамирис тауға шыққан. 19 желтоқсанға қараған түні сағат 01:18–де біздің посттан екі топ іздестіру жұмыстарына аттанды. Бір топ базадан Pioneer тау курортына қарай бет алды. Сол уақытта ауа райы күрт нашарлап, қар жауып, боран күшейіп, желдің ұйытқуы құтқару жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірді. Қардың қалыңдығы кей жерлерде тізеден асып, тіпті кеудеге дейін жетті. Іздеу жұмыстарына 70-тен астам құтқарушы мен еріктілер жұмылдырылды. 20 желтоқсан күні Бутаков сарқырамасының маңынан марқұмның мәйіті табылды, — деді маман Jibek joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында.
Сонымен қатар Серғазы Әбдіқадыр таулы аймақтың аса қауіпті екенін атап өтті. Оның айтуынша, таудағы кез келген қателік адам денсаулығына немесе өміріне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан тауға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият тексеріп, қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Сондай-ақ жалғыз шығуға болмайды.
— Бутаков сарқырамасы Pioneer тау курортынан алыс орналасқан және бұл аумақ сноуборд пен шаңғы тебуге арналмаған. Алдын ала деректер бойынша, Тамирис қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан қаза тапқан. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеп-тексеру жұмыстарын полиция департаменті жүргізіп жатыр, — деді ол.


