Алматы облысының экономикасы негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді

0
105

Алматы облысының жалпы өңірлік өнім көлемі үш жылда 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді.


Алматы облысының экономикасы негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді

ERNUR.KZ. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың республикадағы жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4,4%-ға жетсе, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 4,8%-ды құрады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алааңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7%-ды құрады. Барлық негізгі салада оң үрдіс жалғасуда.

«Өнеркәсіп саласы айрықша өсім көрсетіп, өндіріс көлемі 108,7%-ға артып, 2,1 трлн теңгені құрады. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің 90%-ы өңдеу секторының үлесіне тиесілі. Осылайша, аграрлық бағытпен ғана шектелмей, инновациялық технологиялар мен өңдеу өндірісін дамытатын жетекші өңірге айналып отырмыз. Өңірлік өнімнің үштен бірі өнеркәсіп саласына тиесілі, бұл сала инвестиция тартудың негізгі көзі», – деді әкім.

2022 жылы Алматы облысына тартылған инвестициялар көлемі 614 млрд теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асты. Осы жыл соңына дейін 1,3 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Іске қосылған ірі жобалардың ішінде «Focus Logistics» логистикалық паркі, «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты, «LC Waikiki» көтерме-сауда орталығы, «КегенМясПром» ет комбинаты болса, «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы мен «Қапшағай Бидай Өнімдері» агрокешенін кеңейту жобалары бар.

Сонымен қатар жыл соңына дейін А-классындағы «MP Solution» (80 млрд теңге), «Kusto Logistics» (28 млрд теңге) және «Еуразиялық логистикалық парк», «Imagine Apple Logistics» ірі логистикалық кешендері пайдалануға беріледі.

Логистикалық кешендердің көлемі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 16 есе артқан.

Тамақ өнеркәсібі саласында экспортқа бағытталған компаниялар кеңейтілді, олар: «Galanz Bottlers», «QAZAQ GLOBAL FOOD», «Прима Құс».

«Өңірге инвесторлардың қызығушылығы жоғары екенін ескерсек, оларға қолайлы жағдай қалыптастыру басты мақсатымыз. Бұл бағытта тиімді құралдардың бірі – индустриялық аймақтарды құру. Мысалы, өткен жылы ашылған «Қайрат» индустриялық аймағында 47 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылса, 66 млрд теңгеге 19 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осындай оң тәжірибеге сүйене отырып, жаңадан 15 индустриялық аймақ құру үстіндеміз. Олардың ішінде «Қайрат-2» индустриялық аймағы шетел инвесторлары есебінен салынса, Үлкен Алматы айналма жолының маңындағы аймақтар бойынша шешім жер иелерімен келіссөздерден кейін қабылданады. Осылайша облысымыздың инвестициялық потенциалын арттыру шаралары ірі кәсіпорындардың ғана емес, шағын және орта бизнестің де дамуына мүмкіндік беруде», – деді спикер.

Бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 46,3%-ға жетіп, олардың саны 156 мыңнан асты, өсім көлемі 33,8%-ды құрады. Аталған салада 273 мың адам жұмыс істейді, яғни барлық жұмыспен қамтылған халықтың үштен бір бөлігі.