Алматы облысында 14 жастағы оқушы соққыдан қаза болған

0
73

Оқиға 13 қыркүйекте кешке болған.


Алматы облысында 14 жастағы оқушы соққыдан қаза болған

ERNUR.KZ. Алматы облысында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Отбасының айтуынша, оны жоғарғы сынып оқушылары соққыға жыққан. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиға қалай болған?

Оқиға 13 қыркүйекте кешке болған. Туыстарының сөзінше, Әлихан серуендеуге шыққан, бірақ бір сағаттан кейін ес-түссіз күйде табылған. Әкесі барғанда, балада жарақаттар болған, ал куәгерлер оның құлап қалғанын айтқан.

"Мен барғанда ұлымның жанында он шақты адам тұрды. "Не болды?" деп сұрағанымда, "балаңыз еш себепсіз кенеттен құлап қалды" деп жауап берді", - дейді әкесі Данияр Нұрғалиев.

Туыстарының нұсқасы

Туыстары Әлиханның соққыға жығылғанына сенімді. Әкесінің айтуынша, дүкен камерасындағы жазбада бір топ жасөспірімнің баланы тоқтатып, қараңғы көшеге қарай алып кеткені көрінеді.

"Реанимацияға апарған кезде, дәрігерлер оның соққы алғанын айтты. Камерадағы жазбада да оны әдейі қараңғы көшеге алып кеткені көрінеді. Тіпті күдіктілер достарына: "Қазір Әлиханды ұстап алып, сабаймыз" деген", - деді Данияр Нұрғалиев.

Полиция не дейді?

Талғар ауданының полицейлері қылмыстық іс қозғаған. Бір жасөспірім ұсталды. Туыстары істі қатаңырақ баппен қайта саралауды және барлық қатысушыны жауапқа тартуды талап етті.

"Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу, оның өліміне әкелу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот шешімімен қамауда ұстау шарасы санкцияланды", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.