Сот алқасы бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған хостел директоры Әділбек Мұхамедияровқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Фото: polisia.kz
ERNUR.KZ. 7 қарашада 13 адамның өмірін қиған Алматыдағы хостелдегі өрт ісі бойынша апелляциялық сот қарауы аяқталды. Сот алқасы айыпталушыларға тағайындалған жаза мерзімдерін өзгеріссіз қалдырды. Алайда өрт дабылын орнатқан маманнан жәбірленушілерге моральдық өтемақы төлеу міндетін алып тастады, деп жазады stan.kz.
Сот алқасы бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған хостел директоры Әділбек Мұхамедияровқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ал ғимарат иесі Александр Пекельникке қатысты апелляциялық сот моральдық өтемақы өндіру бөлігін жойып, бірақ оның қауіпсіздік нормаларын бұзғанын растады.
“Хостелде өрт қауіпсіздігі ережелерінің өрескел бұзылуы анықталған: эвакуациялық шығу жолдары, дабыл беру жүйесі және өрт сөндіру құралдары болмаған”, – деп мәлімдеді сот.
7 қараша күні Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы алғашқы сот үкіміне ішінара өзгеріс енгізді. Өзгеріс тек жәбірленушілерге моральдық өтемақы өндіру бөліміне қатысты.
“Пекельниктен жәбірленушілер А. және А. пайдасына өндіруге белгіленген, әрқайсысына 7 миллион теңге көлеміндегі моральдық өтемақы алып тасталсын. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалсын”, — деп жариялады судья Людмила Бектемирова.
Сонымен бірге, Әділбек Мұхамедияров пен Александр Пекельникке тағайындалған жаза мерзімдері өзгеріссіз қалдырылды.
Апелляциялық алқа “Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар қорытындыларымен және басқа да дәлелдер жиынтығымен толық дәлелденді” деген қорытындыға келді.
Еске салсақ, 2023 жылы 30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған едік. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар.
Аталған іс бойынша айыпталушылар Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник. Мұхамедьяровқа Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу), Пекельникке Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету) бойынша айып тағылды. Мұхамедьяров пен Пекельник кінәсін мойындамады.


