"Әлі-ақ соққымен бояндырамын”: ІІМ Алматыда бұрынғы қызын ұрып-соққан курсантты оқудан шығарды

0
69

Желіде алматылық жасөспірім қыздың оқиғасы кең тарады.


Фото: Желі кадрларынан

ERNUR.KZ. Алматыда кәмелетке толмаған қызды аяусыз ұрған оқиғадан кейін ІІМ академиясының курсанты оқудан шығарылды, деп жазады stan.kz.

Желіде алматылық жасөспірім қыздың оқиғасы кең тарады. Отбасының айтуынша, қызды бұрынғы жігіті – Алматыдағы ІІМ академиясының курсанты соққыға жыққан.

Соққыға жығылған қыздың әпкесі Миленаның айтуынша, бұрынғы жігіті сіңлісін сағат 17:00-де кездесуге шақырған. Қыз оның көлігіне отырған сәтте, жігіт одан телефонын беруді талап еткен. Қыз қарсы болған соң, ол оған қол көтере бастаған.

Миленаның шағымынша, ол белбеумен және қолымен қылқындырып, шашынан тартып, көліктің алдыңғы панеліне бірнеше рет ұрған, жерге лақтырып, қабырғасына тепкен, басынан ұрған. Қыз қашпақ болғанда, ол қайта ұстап алып, көлікке отырғызып, шығармай қойған. Қыз анасына хабарласпақ болған кезде, тағы да жерге лақтырып, ұра бастаған.

Қыз ауырсына айқайлап, “мама” деп жылаған. Миленаның айтуынша, жігіт сіңлісіне: "Өле бер, маған бәрібір" деп айтқан.

Отбасы көгерген жерлердің, жарақаттардың суреттерін және медициналық анықтаманы жариялады. Диагнозда:

  • ми шайқалуы,
  • самай тұсындағы жұмсақ тіндердің ісінуі,
  • қылқындыру және соққы белгілері көрсетілген.

Қыз нейрохирург қарауынан өткен. Суреттерде денесіндегі көгеру мен белбеудің іздері анық көрінеді. Қоғамның ашуын жігіттің жазған қатігез хабарламалары күшейте түсті. Ол: "Сен не мені адам құрлы көрмейсің", “Әлі-ақ соққымен бояндырамын”, “Көрсетемін әлі” деп жазған.

Тпті Kaspi аударымдарында ол қызға 100 теңгеден жіберіп, әр аударымға балағат сөздер қосқан: "Сен сияқты итке ит өмір жасаймын", “Арсыз әйел хабарлас”, деп жазған.

Милена жігіттің үйінен (ата-анасының үйінен болуы мүмкін) қару алып шыққанын, ұстарамен қорқытқанын да айтты. Отбасының сөзінше, жанжал қыздың модель ретінде макияжға түскені үшін басталған. Жігіт қыздың өзінен рұқсат сұрамағанына ашуланған.

"Оның "мен де сені бояндырамын" дегені – макияж туралы емес, қорқыту", – деді Милена.

Сондай-ақ ол бұл жағдайдың алғаш рет болып тұрған жоқ екенін, жігіт бұрын да бірнеше рет қол көтергенін алға тартты.

Желі қолданушылары болашақ полиция қызметкері осындай әрекетке қалайша баратынын сұрады. Көпшілік агрессияға бейім жастардың академияға емін-еркін қабылдануы жүйедегі мәселелерді көрсететінін айтып, іріктеу талаптарын күшейтуді ұсынды.

Оқиғаға байланысты Алматы полициясы ресми мәлімдеме жасады.

“Оқиға бойынша қылмыстық іс ашылып, толық тергеу жүргізілген. Қыздан да, басқа қатысушылардан да түсініктемелер алынған. Бірақ қыз ата-анасымен бірге арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан бас тартты. Сондай-ақ анық көрінетін жарақаттар ресми түрде тіркелмеген. Сол себепті, прокурордың келісімімен іс тоқтатылды”, – делінген хабарламада.

Дегенмен, ІІМ-нің Алматы академиясы өз шешімін шығарып, курсанты оқудан шығарды.