Ақтөбе облысындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылды

0
91

Жалпы облыс бойынша оқушы саны 1000-нан асатын 59 мектепте стоматологиялық кабинет ашу жоспарланған.


Ақтөбе облысындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылды

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында 2025–2028 жылдарға арналған «Болашаққа – сау тіспен» Жол картасын іске асыру жалғасуда. Жоба аясында мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылып, ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау жұмыстары оқушылардың білім алатын жерінде жүргізілуде, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Жалпы облыс бойынша оқушы саны 1000-нан асатын 59 мектепте стоматологиялық кабинет ашу жоспарланған.

2025 жылы мұндай кабинеттер 14 мектепте ашылды: оның 12-сі - Ақтөбе қаласында, екеуі – аудан орталықтарында орналасқан. 2026 жылы тағы 15 кабинет ашу көзделген. Оның ішінде 12-сі Ақтөбе қаласындағы, үшеуі аудан орталықтарындағы мектептерде ашылады.

Жыл басынан бері 7 847 оқушы профилактикалық стоматологиялық тексеруден өткен. 1 719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталған. Стоматологиялық мәселелер анықталған жағдайда балаларға қажетті медициналық сүйемелдеу көрсетіліп, әрі қарай ем алу бойынша ұсынымдар беріледі.

Осындай кабинеттердің бірі былтырғы жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте жұмыс істейді.

«Баланың денсаулығы тістен басталады. Былтырдан бері мектебімізде стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылында мектептегі тіс дәрігері 2 265 оқушыны тексеруден өткізді. Балалардың тісін жұлмайды, тек сүйемелдейді, қажет болған жағдайда дәрігерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар стоматолог кластарда тісті дұрыс тазалау және ауыз қуысына күтім жасау туралы дәрістер өткізеді. Мұның барлығы балалар арасында ауыз қуысы мен тіс ауруларының алдын алуға бағытталған. Стоматологиялық кабинеттің барлық қажетті құрал-жабдығын №3 КДП қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды жұмыс. Себебі барлығы өскелең ұрпақтың дені сау болуы үшін жасалып отыр», — деді Ақтөбе қаласындағы №56 мектептің директоры Гүлнара Нарымбетова.

Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің негізгі жұмысы – аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау. Жыл сайын оқушылардың ауыз қуысына жаппай тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қосымша бақылауды немесе емді қажет ететін балалардың тізімі жасалады.

Балалардың бойында дұрыс әдет қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Стоматологтар профилактикалық сабақтар өткізіп, оқушыларға тісті дұрыс тазалау, оны қаншалықты жиі тазалау керектігін, сондай-ақ тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау жолдарын түсіндіреді.

Кабинеттерде балалар дәрігер-стоматологтары немесе дантистер жұмыс істейді. Сонымен қатар медициналық мейірбикелер процедураларды жүргізуге көмектесіп, құралдарды зарарсыздандыру жұмыстарын атқарады.

Осылайша, мектеп стоматологиясы облыста кариес пен басқа да ауруларды ерте анықтаудың ғана емес, сонымен қатар ауыз қуысына күтім жасау мәдениетін бала кезден қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді.