Аида Балаева: Жаңа Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалды

0
95

Орал қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері Батыс Қазақстан облысының зиялы қауымымен және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.


Аида Балаева: Жаңа Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалды

ERNUR.KZ. Делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Жалпыұлттық коалициясы төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап барды. Талқылауға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық ұйымдардың, өңірдің заңгерлік және сарапшылық қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиын жаңа Конституция жобасына және 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды. Қатысушылар Ата заңды жаңарту қоғамның заманауи сұраныстарына сай болуы тиіс екенін атап өтті. Оның ішінде құқықтық кепілдіктерді нығайту, азаматтардың басқару ісіне қатысуын кеңейту және цифрлық дәуір жағдайында адамды қорғау мәселелері бар.

Кездесуде Аида Балаева Конституция жобасы мемлекеттің құндылықтарын айқындап, дамудың стратегиялық басымдығын бекітетінін айтты.

«Біріншіден, жаңа Конституцияның басты өзегі – азаматтың мүддесі мен елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы. Бұл құжатта мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны, билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа сапасы айқын көрініс тапқан. Жаңа Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде көрсетілді. Яғни мемлекет адамның мүддесін қорғауды өз қызметінің басты мәні ретінде айқындап, биліктің бар тетігі азамат игілігіне жұмыс істеуі тиіс деген қағида Ата заңның өзегіне айналып отыр. Конституция кіріспесінде ұлттық болмыс, тарихи сабақтастық және мемлекеттіліктің терең тамыры нақты көрсетілген. Ұлы дала өркениетімен байланыс, шекарасы мен аумағының тұтастығы егемендікті қорғаудың конституциялық тірегіне айналмақ», – деді вице-премьер.

Аида Балаева «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаттары және табиғатқа жауапкершілікпен қарау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілетінін атап өтті. Сонымен қатар Ата заңда ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі мен эмиссия құқығының тек Қазақстанға тиесілі екені конституциялық деңгейде көрініс тапқанын сөз етті.

«Егемендік пен Тәуелсіздік, елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі. Бұл – құндылықтық тұрғыдан жаңа мазмұн.Сонымен қатар бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде көрсетіледі», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Бақытқожа Ізмұхамбетов Қазақстанның отыз жыл бойы қалыптасу жолынан өтіп, бүгінде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, 1995 жылғы Конституция қабылданғалы бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде ел түбегейлі өзгерді. Өткен жылдың қазан айынан бастап азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түскен. Кейін 130 адамнан тұратын Конституциялық реформа жөніндегі комиссия 12 мәрте отырыс жасап, барлық мәселелерді жан-жақты қарастырған. Құжатта мәтіннің шамамен 84%-ы өзгерген.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасы қоғамның ел басқарудағы рөлін күшейтіп, азаматтардың тікелей қатысу тетіктерін бекітетінін айтты. Оның сөзінше, жаңа редакцияда «Республикалық референдум» ұғымының орнына «Бүкілхалықтық референдум» термині енгізіледі, бұл маңызды шешімдердің бүкіл халықтың қатысуымен қабылданатынын білдіреді.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жоба дайындау кезеңдеріне тоқталып, комиссия жұмысының ашық форматта өткенін атап өтті. Жаңашылдықтардың қатарында вице-президент институтын қайтару, бір палаталы Парламент – Құрылтай құру және заң шығару бастамасы құқығына ие болатын қоғамдық диалогтың жаңа институтын енгізу бар.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ел маңызды тарихи таңдау алдында тұрғанын айтып, алдағы референдумның мемлекет дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін жеткізді. Оның пікірінше, ұсынылып отырған реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген саяси жүйені жаңғыртуды көздейді.

Талқылау барысында азаматтық сектор және Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері ұлттық бірлік пен өзара құрметтің маңызына ерекше назар аударды. Заңгерлік қауымдастық өкілдері құқықтық айқындық пен азаматтар үшін түсінікті кепілдіктердің қажет екенін сөз етті.

Кездесу соңында зиялы қауым және азаматтық қоғам өкілдері өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Жалпыұлттық коалиция мүшелері ашық талқылаудың маңызды екенін жеткізді.