«Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясындағы «Мамандықтар әлемі» бастамасы 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы мақсаттармен өзара сабақтастықта жүзеге асырылды.
ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Қалмақов Ерлан ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында 2024-2025 оқу жылында «Адал азамат» бағдарламасы шеңберінде атқарылған шараларға тоқталып өтті. Мәселен, білім алушыларды жауапкершілікке, мейірімділікке және экологиялық мәдениетке баулуға бағытталған «Қамқор» жобасы аясында 3 миллионнан астам оқушы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысты. Мектептерде әзірленген үздік экожобалар «Tazalike» айлығының қорытынды шарасында Мемлекет басшысына таныстырылды.
«Түлектердің ағаш егу челленджіне» қатысқан 185 мыңнан астам түлек көшет отырғызды. «Шабыт» жобасының аясында «Күй күмбірі» челленджіне 1 млн білім алушы, «Ананың аялы алақаны» челленджіне 1 млн 200 мың білім алушы қатысты. Балаларға арналған әндердің республикалық «Әншуақ» фестивалі екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Байқау аясында әлеуметтік желілерде 22 мыңнан астам балалар әндері жарияланды. Жалпы қаралым саны 18 миллионнан асты», – деді ведомство өкілі.
«Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясындағы «Мамандықтар әлемі» бастамасы 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы мақсаттармен өзара сабақтастықта жүзеге асырылды. Жоба аясында 300 мыңнан астам білім алушы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратпен қамтылып, әртүрлі шеберлік сабақтары мен басқа да танымдық іс-шараларға белсенді қатысты.
«Ұшқыр ой алаңы» жобасы бойынша дебат клубтарының қызметі жандандырылды. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында 7,6 мың дебат клубы жұмыс істейді, 194 мың білім алушы қамтылған.
«Smart бала» жобасы бойынша білім алушылар түрлі әлеуметтік, инновациялық жобаларын ұсынады. Өткен оқу жылында 208 жоба әзірленді. Мысалы, Қостанай қаласы №17 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақбота Ермағанбетова көркем әдебиетті оқушыларға комикс түрінде ұсыну арқылы жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізді. Мұндай бастамалар биыл да жалғасын тауып, инновация мен шығармашылықты дамытуға жол ашады.
Сондай-ақ «Балалар кітапханасы» жобасы аясында ұсынылатын әдебиеттер тізімін толықтыру туралы Оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат, ғылым және жоғарғы білім министрліктерінің бірлескен бұйрығы бекітілді, оған 2580 атау енгізілді. Мектеп кітапханаларының қоры көркем әдебиетпен толықтырылып, қазіргі таңда 141 млн данадан асты. Бірқатар мектеп күн сайын сабақ алдында міндетті түрде кітап оқуды дәстүрге айналдырды. Мектеп кітапханаларының жанынан 440 заманауи коворкинг-орталық ашылып, жұмыс істеп жатыр.