Абай облысындағы жаңа ет комбинаты аты аңызға айналған Семей бұқтырылған ет шығаратын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын болады

0
169

Өндірістік қуаттылығы 100 бас ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ бір ауысымда 1 мың басқа дейін ұсақ малды құрайды.


Абай облысындағы жаңа ет комбинаты аты аңызға айналған Семей бұқтырылған ет шығаратын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын болады

ERNUR.KZ. Абай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Eurasia Agro Semey» ЖШС ет өңдеу кешені құрылысының барысымен танысты. Кәсіпорынды биыл іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Кешен Семей қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан және мал қабылдаудан бастап, шұжық өнімін, жартылай фабрикатты, ет консервілері мен деликатес өнімін шығаруға дейінгі толық циклді вертикалдық интеграцияланған кәсіпорын болып саналады. Өндірістік қуаттылығы 100 бас ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ бір ауысымда 1 мың басқа дейін ұсақ малды құрайды. Кәсіпорында 250 жаңа жұмыс орны ашылады.

Компания басшылығының айтуынша, жобалық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорын еліміздегі ең ірі ет өңдеу кешеніне айналады. Оның тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету үшін зауыттың айналасында толыққанды ет кластері құрылады. Мұнда фермерлік шаруашылық, бордақылау алаңы, жем-шөп өсіруге арналған суармалы жер және басқа да іргелес өндірістер бар.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның ет өңдейтін тарихи орталығының бірі ретінде Семейдің гастрономиялық даңқын жандандыруға бағытталған.

Жобаның ерекше мақтанышы Кеңес Одағы кезінен бері танымал болған әйгілі Семей бұқтырылған етінің қайта жандануы. Бір кездері Семей ет комбинаты КСРО-ның ірі ет өнеркәсібі кәсіпорыны қатарына кіріп, өнім сапасы үшін бірнеше рет салалық марапатқа ие болған еді.

Кәсіпорын директоры атап өткендей, жаңа өндірісте аты аңызға айналған комбинаттың кадрлық әлеуеті сақталған. Жобаны жүзеге асыруға кеңестік жылдары кәсіпорында жұмыс істеген мамандар қатысады. Бұл Семей ет өнімінің даңқын шығарған дәстүрлі технология мен рецепті қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сапар шеңберінде Серік Жұманғарин сонымен қатар «Qazaq-Astyq Group» ЖШС мұнай экстракция зауытын, «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақ және майлы дақылды қайта өңдеу кәсіпорнын және орау өнімінің көптеген түрін шығаратын «Қазполиграф» ЖШС-ні қоса алғанда, өңірдің бірқатар қайта өңдеу кәсіпорынын аралады.