35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас қазақстандық Отбасы банкінің көмегімен баспаналы болды

0
83

Қазақстан Республикасы Мәжілісінде Respublica партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.


35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас қазақстандық Отбасы банкінің көмегімен баспаналы болды

ERNUR.KZ. Отбасы банкі жұмыс істеген уақыт ішінде 35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды. Бұл – банк қарыз алушыларының 42,5%-ы. Соңғы 2,5 жылдың өзінде 67 982 жас қазақстандық үйлі болды, деп жазады stan.kz.

Қазақстан Республикасы Мәжілісінде Respublica партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жиынға партия фракциясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жетекшілік етті.

Отырыста Отбасы банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баяндама жасап, жастарды баспанамен қамтамасыз ету, жас отбасылардағы бала туу көрсеткіші мен елдегі демографиялық ахуалдың өзара байланысына ерекше тоқталды. Сондай-ақ депутаттар мен жастар көшбасшылары болашақ экономикасы, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және тұрғын үй мәселелерін талқылады.

Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы іске қосылған "Наурыз" бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Бағдарлама аясында берілген 20 302 несиенің 61%-ын, яғни 12 450 қарызды 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар алды.

“Біз үшін бұл жай ғана сандар емес. Әр көрсеткіштің артында өз баспанасына қол жеткізген адамның өмір жолы тұр. Жастар баспана сатып алғанда, өз болашағын Қазақстанмен, туған қаласымен байланыстырады. Сондықтан қоныс тойын тойлаған әрбір жас отбасы – еліміздің дамуына қосылған үлес”, – деді Отбасы банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде өңірлік бағдарламалардың да үлесі зор. Отбасы банкі оларды жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Бағдарламалар еліміздің 17 өңірін қамтып, әлеуметтік сала мамандарына – педагогтерге, медицина қызметкерлеріне, журналистерге, мәдениет, спорт, коммуналдық сала қызметкерлеріне, полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға арналған.

Бағдарламалардың шарттары қолжетімді: бастапқы жарна – 10%-дан бастап, қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5%.

Осы бағдарламалардың арқасында 12 400 жас отбасы баспаналы болды. Жалпы қаржыландыру көлемі 258,2 млрд теңгені құрады. Оның 214,8 млрд теңгесін (83%) жергілікті әкімдіктер, ал 43,4 млрд теңгесін (17%) Отбасы банкі бөлді.

Отбасы банкі ұлттық даму институты ретінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Соңғы тоғыз айдың ішінде 16 349 отбасы жалдамалы және несиелік тұрғын үйге қол жеткізді. Олардың барлығы өз баспанасын ұзақ жылдар бойы күткен азаматтар.

Қазіргі уақытта тағы 8 377 пәтерді бөлу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада олардың да иелері анықталады.

Қазақстанда тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары. Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте 1 067 327 адам тұр. Оның 53%-ы жастар.

Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтардың жас ерекшелігі бойынша үлесі төмендегідей:

  • 25 жасқа дейін – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 21%-ы;
  • 25–29 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 13,5%-ы;
  • 30–34 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 18,5%-ы;
  • 35–39 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 17,5%-ы;
  • 40–44 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 11,3%-ы;
  • 45–49 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 6,3%-ы;
  • 50–54 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 3,8%-ы;
  • 55–59 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 2,6%-ы;
  • 60–64 жас – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 2%-ы;
  • 65 жас және одан жоғары – тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғандардың 3,5%-ы.

Отбасы банкінің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қазақстандықтарға баспанаға қаражат жинап, оны қолжетімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінде банкте 18 бен 35 жас аралығындағы 1,5 миллион жас қазақстандықтың депозиті бар.