340 миллион теңге айыппұл: Көксу ауданындағы заңсыз қоқыс полигоны жабылды

0
189

Енді осының бар салдарын мемлекет жоюға мәжбүр.


340 миллион теңге айыппұл: Көксу ауданындағы заңсыз қоқыс полигоны жабылды

Фото: Orda.kz

ERNUR.KZ. Көксу ауданында орналасқан қоқыс полигонынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Тексеріс нәтижесінде бұл нысанның ешқандай мемлекеттік экологиялық сараптамасыз және ластаушы заттарды шығару рұқсатынсыз жұмыс істеп келгені белгілі болды, деп жазады Skifnews.kz.

Полигон заңда рұқсат етілген мөлшерден екі есе көп қалдық қабылдаған. Бұл топырақ пен жерасты суларын улау, өрт шығу қаупі сияқты экологиялық қатерлерге әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, қоқыс алаңын жабу, жерді қалпына келтіру және экологиялық бақылау жүргізуге арналған арнайы резерв – жою қоры да құрылмаған. Мұндай жағдайда полигон жұмыс істеуге мүлдем тиісті емес. Нысан иесі ӘҚБтК-нің 328-бабы бойынша жауапқа тартылып, 340 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Полигон сенімгерлік басқарудан алынып, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Енді осының бар салдарын мемлекет жоюға мәжбүр. Айта кетейік, бұған дейін де «Орда» редакциясы қоқыс полигондары мәселесін бірнеше мәрте көтерген. Мамыр айында Қарағанды тұрғындары қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан шыққан өткір түтінге шағымданған еді. Айтуларынша, қаладағы қоқыс жиналатын бұл алаң айына бір-екі рет өртеніп, ЖБИ шағынауданы мен Новоузенка кентін қалың түтін басып қалады.