31 тамызда "Ұмай" бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

0
191

Бағдарлама Қазақстандағы әйелдердің баспаналы болу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.


31 тамызда

Фото: krisha.kz

"Отбасы банк" әйелдерге арналған "Ұмай" тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдауды 31 тамызда бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның басты ерекшелігі – тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаның салыстырмалы түрде төмен болуы және өтініш берушінің басқа жылжымайтын мүлкінің болуына шектеу қойылмауы. Баспананы Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады. Тіркелген мекенжайға да талап жоқ.

– Әйел баспананың иесі атанғанда, оның дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Ол өзінің және балаларының болашағына сеніммен қарай бастайды, – деді "Отбасы банк" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Несие шарттары

"Ұмай" бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 14,8%, ал ең жоғары қарыз сомасы – 50 млн теңге.

  • Бастапқы жарна: Астана мен Алматыда – кемінде 20%;
  • басқа қалаларда – кемінде 15%.

Отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы тиіс. Төлем қабілетін растау үшін соңғы 6 айдағы ресми табыс есепке алынады. Бағдарлама бойынша пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үйді, құрылысы жүріп жатқан нысандарды және 2016 жылдан бері салынған қайталама тұрғын үйді сатып алуға болады.

Бастапқы нарықтағы баспананы тек банктің Baspana Market тұрғын үй маркетплейсі арқылы таңдауға рұқсат етіледі. Сатып алынған тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Егер ол некеде болса, баспана ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі ретінде тіркеледі. Бағдарлама бойынша қоса қарыз алушыларды тартуға да мүмкіндік бар.

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімді онлайн немесе банк бөлімшесінде беруге болады. Онлайн өтінішті "Отбасы банктің" сайтындағы "Бейнеқызмет көрсету" сервисі немесе Baspana Market-тегі жеке кабинет арқылы жіберуге болады. Электрондық құжаттардың болуы жеткілікті.

Сонымен қатар "Ұмай" бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жөндеуге 15 млн теңгеге дейін қарыз алуға мүмкіндік қарастырылған. Бағдарламаны қаржыландыруға Азия даму банкі қаражат бөлуде. "Отбасы банкке" алғашқы 9 млрд теңге транш аударылған.

Банк мәліметінше, "Ұмай" бағдарламасы іске қосылған алғашқы үш жылда 3600-ден астам қазақстандық әйел баспаналы болған.