Пилоттық жоба аясында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін кейінге қалдырылған норма белгіленді.
ERNUR.KZ. Жекеменшік мектептер желісінің дамуы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, білімге қолжетімділікті арттыруға ықпал етті. Енді Қазақстанда оларды мемлекеттік қаржыландыру жүйесі жетілдіріліп, бюджет қаражатын бақылау мен бөлудің жаңа тетіктері енгізілуде. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – e-Qazyna платформасында OrtaBilim сервисінің іске қосылуы болды. Бұл сервис рұқсат құжаттарында заң бұзушылықтары бар, жобалық қуаттылығы асып кеткен, оқушыларды екі мәрте есепке алған, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша аттестаттаудан өтпеген LMS жүйелерін пайдаланатын жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Жыл басында мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білімге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру бойынша пилоттық жоба бекітілді.
Сонымен қатар жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға және ғимараттың амортизациялық шығындарын қаржыландыру жөніндегі жаңа міндеттемелерді қабылдауға мораторий енгізілді.
Сондай-ақ әкімшілік аумақта оқушы орындарының артық қоры бар мемлекеттік мектептер болған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың жекеменшік білім беру ұйымдарына мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырмауына мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Прокуратура органдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептердің білім беру стандарттарына сәйкестігін лицензиядан кейінгі бақылау аясында тексеріп жатыр.
Пилоттық жоба аясында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін кейінге қалдырылған норма белгіленді. Оған сәйкес, егер оқу ғимаратының нысаналы мақсаты білім беру қызметіне сәйкес келмесе, мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын алуға үміткер бола алмайды.
«Айта кетерлігі, 2026-2028 жылдарға арналған жекеменшік мектептердегі мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру мәселесі жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде шешілді. Жалпы қаржы көлемі – 760 млрд теңге», – деді вице-министр.


