2026 жылдан бастап барлық азамат онкоскринингтен тегін өте алады

0
73

Қазіргі таңда елордада 1,4 миллион адам сақтандырылған, бұл халықтың 84,4 пайызы.


2026 жылдан бастап барлық азамат онкоскринингтен тегін өте алады

Фото: Pexels

ERNUR.KZ. Елордада 250 мыңнан астам азамат МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Олардың 15,6 пайызы әлеуметтік әл-ауқаты төмен адамдар, деп жазады inform.kz.

– Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік мәртебесіне қарамастан халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту. Бұл ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бірыңғай пакет әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте диагностикалау арқылы алдын алуға мүмкіндік береді. Мысалы, онкологиялық скринингтер МӘМС мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандық үшін қолжетімді болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында онкоскринингтердің жалпыға қолжетімді болуы қатерлі ісіктерді ерте сатысында дер кезінде әрі тиімді анықтауға жағдай жасайды. Айта кету керек, қазіргі уақытта ТМККК шеңберінде диагностика тек туберкулез бен АИТВ-инфекциясы бойынша ғана жүргізіледі, – дейді «Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшы орынбасарының м.а. Фарида Тулешева «МӘМС аясындағы өзгерістер туралы» брифингіде.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін тексерулер жүргізіледі.
– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС аясында әлеуметтік маңызы бар аурулардың жаңартылған тізімі күшіне енеді. Бұл тізімге 11 нозология кіреді, олардың қатарында: туберкулез, АИТВ, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфарктісі, балалар церебралды сал ауруы, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары, цереброваскулярлық аурулар, инсульт, эпилепсия бар, – дейді спикер.
Айта кету керек, қазіргі таңда елордада 1,4 миллион адам сақтандырылған, бұл халықтың 84,4 пайызы. Қалған 15,6 пайызы МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Олардың ішінде 207 мың азамат – тұрмыстық жағдайы жақсы адамдар, ал шамамен 56 мың адам әлеуметтік әл-ауқаты шұғыл және дағдарыстық деңгейдегі тұрғындар, D және E санаттарына жататындар.