2025 жылы Қазақстанда ЖЭК бойынша 9 жоба іске қосылды

0
107

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласы тұрақты дамып келеді.


2025 жылы Қазақстанда ЖЭК бойынша 9 жоба іске қосылды

ERNUR.KZ. Бүгінде елімізде жалпы белгіленген қуаты 3,5 гигаваттты құрайтын 162 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде: 67 жел электр станциясы, 49 күн электр станциясы, 43 су электр станциясы және 3 биогаз электр станциясы бар, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «таза» генерацияның үлесі 7%-ға жетіп, орнықты энергетикалық теңгерімге қарай оң динамиканы көрсетті. 2024 жылы ЖЭК үлесі елдегі электр энергиясының жалпы өндірісінің 6,43%-ын құраған болатын.

2025 жылы жалпы қуаты 503 МВт болатын 9 жаңа ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде: 5 жел электр станциясы –387 МВт, 3 күн электр станциясы – 90 МВт, 1 су электр станциясы – 26 МВт. Жаңа нысандар Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан.

ЖЭК нарығын дамытудың маңызды бөлігі – 2024–2027 жылдарға арналған жалпы қуаты 6,7 ГВт болатын жоспар шеңберінде өткізілетін аукциондар. 2025 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша шамамен 4 ГВт қуат бөлінген, бұл инвесторлардың жоғары қызығушылығын және «жасыл» генерация нарығының белсенді екенін көрсетеді.

Total Eren, Masdar, China Power International Holding, China Energy сияқты стратегиялық инвесторлардың қатысуымен халықаралық жобалар жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін Қазақстанда 8 ГВт-тан астам ЖЭК қуаттарын іске асыру жоспарланған. Бұл еліміздің тұрақты «жасыл» энергетикаға көшу, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын арттыру бағытындағы жүйелі саясатын айқындайды.