2024 жылдан бастап Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 8,5 мың шақырымы орташа жөндеумен қамтылды

0
95

2026 жылы жұмыс көлемі айтарлықтай ұлғайды.


2024 жылдан бастап Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шамамен 8,5 мың шақырымы орташа жөндеумен қамтылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеумен қамту көлемін кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2028 жылдың соңына дейін республикалық жол желісінің 10 мың шақырымын орташа жөндеумен қамту міндеті қойылған, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Бүгінгі таңда іске асырылған және жүзеге асырылып жатқан жобаларды ескере отырып, орташа жөндеумен қамтылған жолдардың жалпы ұзындығы 8 470 шақырымды құрайды. Бұл белгіленген мақсатты көрсеткіштің шамамен 85%-ына тең. Қалған көлемді 2027–2028 жылдары орташа жөндеумен қамту жоспарланып отыр.

Ауқымды орташа жөндеу бағдарламасы 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бағдарламаның алғашқы жылында жөндеуден кейін 959 шақырым автомобиль жолы пайдалануға берілді. Ал 2025 жылы тағы 2 320 шақырым жол пайдалануға тапсырылды. Осылайша, 2024–2025 жылдары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы 3 279 шақырымы орташа жөндеумен қамтылды.

2026 жылы жұмыс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Ағымдағы жылы 124 жоба аясында 3 679 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеумен қамтылды. Оның ішінде жалпы ұзындығы 1 451 шақырымды құрайтын 29 жоба 2027 жылға өтпелі.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеудің қосымша көлемі ақылы автомобиль жолдарымен жүргені үшін алынатын төлемдерден түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылуда. 2026 жылы жалпы ұзындығы 1 512 шақырымды құрайтын 38 жобаны іске асыру көзделген.

Бағдарламаны жүзеге асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсартуға, көлік шығындарын азайтуға және автомобиль жолдары инфрақұрылымының сапасын көтеруге бағытталған. 2028 жылдың соңына дейін 10 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеумен қамту республикалық жол желісін жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.