БЕТАШАРДАН түскен ақша КЕЛІНГЕ БЕРІЛУІ керек пе?

0
519

Жаңа түскен келіннің әр сәлеміне неге ақша салады?


БЕТАШАРДАН түскен ақша КЕЛІНГЕ БЕРІЛУІ керек пе?

фото: sxodim.com

Беташарда ортада қойылған табаққа салынған ақша қайда жұмсалады? Жалпы, не үшін және кім үшін ақша салынады?

Осы сұрақтардың жауабын берер кезде көп адам тосылып қалады.

Әдетте, біз көріп жүрген беташарда ортадағы табаққа салынатын ақшаны жас келін емес, той иесі алады. Енді тойдың шығыны бар, мүмкін ақша қай кезде де керек қой, ал бірақ негізгі мақсаты - жаңа түскен келінге арналған сыйлық.

Қазіргі күнде бұның орнын «келін шаймен» алмастырып жүрміз. Келіннің билігі жаңа түскен шаңырағына жүрмейтіні тағы бар. Сондықтан, жас келіннің қолынан шай ішеміз деп тойдан соң тағы жиналатын туыстар келіннің құйған шайы үшін алғысын білдіріп, ақша ұсынып жатады.


Беташар - қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі.

Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады.

Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі.

Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады.

Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Мысалы, сол шаңыраққа жақын ауқатты туыстары құлынды бие, енді біреулері отауға тігетін киіз үй, т.б. берген.

Қазіргі кезде беташар салты той асының алдында өткізіліп жүр.


Беташар беті ауған жаққа кетті. Рас, ол келін түскен күннің ертеңіне ағайын-туысқа таныстыру мақсатында жасалуы тиіс дәстүрді қазір той үстінде жасап жүрміз. Тіпті үйлену тойы деп дүркіретіп жасайтын тойы екі жылдан кейін болса да етегіне баласы оралып жүрген келінге ел-жұртты таныстырудың қажеті қанша деген ой келеді.

Оңтүстік өңірлерінде осы салты анағұрлым жақсы сақталғанымен, солтүстік жақтың беташар жасау дәстүрі осындай екені жасырын емес.

Сонымен қатар, қазір беташардың берекесін алып, өздеріне ұнайтын әндердің әуеніне салып, киелі дәстүрді шамаларынша хит қыламын деп тыңдап тұрғандарды да мезі етіп жіберді. Бүгінгі асабаның аузынан

«Айт, айт, келін, айт, келін,

Атыңның басын тарт, келін!

Сауысқаннан сақ, келін,

Жұмыртқадан ақ келін!» дейтін өсиет сөздердің бір әрпін де таппайсың.

Қазақ халқы жаңа түскен келінге ерекше ықыласпен қараған. Ақ жаулықты аналар жас келіннің басына орамал жауып, босағаға сәлем салдырып, табалдырықтан оң аяқпен аттатқан. Үлкендердің батасын алып, «ошағыңның оты өшпесін, шырағың сөнбесін» деп ырымдап, отқа май құйғызған. Бұл «Ұмай ана қолдасын, ошағыңның оты алаулап жансын» деген ниет.

фото: adyrna.kz

Беташардың өзін келін түскен әулеттің адамдарына арнап сәлем салдыратын. Қазіргідей қисыны жоқ, қатысы жоқ адамдардың бәріне сәлем салдыра беру бір жағынан бизнес көзіне айналғандай ма дерсің. Өйткені, қазіргі кезде әріптестер, достар деп сол тойдан кейін үйге аттап баспайтын адамдарға сәлем салдыру қаншалықты дұрыс?

Әуел баста беташар жеке той болып дүркіреп өтетін еді. Оның да өз алдына жасалатын жөн-жоралғысы бар. мақсаты бүгінгідей әр сәлемін саудаға салу емес, жас келінге келген елін көрсетіп, таныстырып алу болатын. Оны да елге сыйлы ақын-жыршылар айтып, көңілі түскен жұрт келіннің көрімдігі деп иығына шапан жауып, қалтасына барын салып жататын. Ал қазіргісі ашық тонау. «Бер де бер» деп ортадағы табаққа жетелеп әкеліп, желкелеп салдырады. Сөйте тұра қазақтың байырғы елге қадірлі, сөзі дуалы адамға келіннің бетін аштырудың орнына мән-мағынасы жоқ, қазіргінің әуеніне салып ышқынып тұратын асабалар беташардың сәні мен мәнін кетірді. Қазақ ырымшыл халық. Қазіргідей сөзінде өсиет жоқ, ұшқалақтау, әу дей алатынның бәрі бет ашып жатыр. Келін сәлемін келемеждеп, күлкіге айналдыратындар пайда болғаны да қадірімізді қашырып, қарнымызды аштырады. Ата-бабадан мұра болып қалған дәстүрді қылжаққа салып, кейбір діндарлар мұны «Аллаға серік қосу» деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Шариғат жолына бекем болған ата-бабамыз келіннің сәлем салуын бұлай теріс бұрмаған. Керісінше, үлкенге иіліп ізет көрсету арадағы сыйластықты нығайтады.

Келін алдыңда иіліп тұрса, қайнаға, абысын, ата-ене де еріксіз «иіледі». Яғни келінге ауыр сөйлеуге, оның көңілін қалдыруға жүрексінеді. Қазақтың даналығы солай, «сыйлағанның құлы» екенін дәлелдеп кеткендей.

Гүльвира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


НЕКЕ тұрмысқа шығатын ҚЫЗДЫҢ ҮЙІНДЕ қиылуы керек пе?


«Әжетханада сөйлеме» деген тыйымның мәнін білесіз бе?