Радиаторды ҚАШАН, НЕГЕ және ҚАЛАЙ жуу керек?

0
159

Кейде оны жуу барысында жіберілген болмашы қателік орасан зардап тигізеді.


Радиаторды ҚАШАН, НЕГЕ және ҚАЛАЙ жуу керек?

Көліктің қызметіне қажетті сұйықтықты салқындату жүйесін бақылаудың қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін кәсіби механик болудың қажеті жоқ. Осыған байланысты бізде екі маңызды ақпарат бар. Жақсысынан бастасақ, автокөліктің радиаторы салыстырмалы түрде қарапайым бөлік және оны жуу өте қарапайым болып саналады. Жаман ақпарат – кейде оны жуу барысында жіберілген болмашы қателік орасан зардап тигізеді. Сондықтан радиаторды қалай дұрыс жуу керектігі туралы айтпақпыз.


РАДИАТОРДЫ НЕ ҮШІН ТАЗАЛАУ КЕРЕК?

Негізгі ойларды қысқаша айтайық. Радиатор кез-келген көліктің салқындату жүйесінің ажырамас бөлігі болып саналады және оның жұмыс принципін мектептің физика курсының бөлігі ретінде түсіндіруге болады. Салқындатқыш қозғалтқыштан жылуды сіңіреді және сол жылуды атмосфераға шығаратын радиаторға түседі. Содан кейін салқындатылған антифриз қозғалтқыштан келесі жылу дозасын алу үшін қайта оралады және бұл цикл үнемі жүреді.

Уақыт өте келе салқындатқыштағы коррозия ингибиторлары бұзылып, тот пайда болады. Сонымен қатар, жүйенің тиімділігін айтарлықтай төмендететін басқа шөгінділер пайда болады. Сондықтан ең жақсы антифриздерді қолданып, уақытылы жаңартып тұру керек, ал жүйенің өзін жуу қажет.

Қозғалтқыш радиаторлары мен кондиционер конденсаторлары әрдайым өте нәзік соққыға ұшырап отырады. Атап айтқанда, жолдан радиаторларға құм, ұсақ тастар, жапырақтар, жәндіктер және басқа да қоқыстар тиіп, қабырғаларына жабысады. Егер иұндай нәрселер жеткілікті мөлшерде жиналса, ауа ағындарының қабырға арқылы өтуі айтарлықтай төмендейді де, бұл жүйенің тиімділігін тағы да төмендетеді. Яғни антифризді дұрыс салқындата алмай, қозғалтқыш қызып кете береді. Осыдан кейін «радиаторды тазалау керек» деген қорытынды шығады.


БЕЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ АЛДЫН-АЛУ

Мынадай белгілер байқалған кезде бірден радиаторды жуу қажет:

Қозғалтқыш температурасының жоғарылауы, үнемі қызып кету. Бұл радиатордың ластануының ең көп таралған белгісі.

Сұйықтықтың ағып кетуі. Тоттың жиналуына және радиатордың ішіндегі шөгінділерге байланысты жарықтар пайда болып, сондықтан сұйықтық ағып кетуі мүмкін. Егер олар уақтылы жойылмаса, оның салдары өте жағымсыз болады. Сондай-ақ, сыртқы ластану зақымдану орындарын жасырып, диагностиканы қиындатып, жөндеуге кедергі келтіреді және ағып кетуді одан әрі арттырады.

Салонды жылытудың нашарлауы. Автокөліктің ішкі жылытқышының жұмысы жылытқыштың радиаторы арқылы өтетін антифриздің температурасына және желдеткіш арқылы салонға айдалатын ауа температурасына тікелей байланысты. Радиатордың бітелуі тез жылытудың нашарлауына әкеледі.

Тәтті иіс. Егер сіз белгілі бір тәтті иісті сезсеңіз, бұл – салқындатқыш сұйықтықтың ағып кеткендігі. Бұл иістің көзі этиленгликоль болып саналады, ол көптеген сұйықтық құрамында болады.

Динамиканың төмендеуі. Мұнда бәрі қарапайым: ластанған радиатор қозғалтқыш қуатының төмендеуіне әкелуі мүмкін, демек, үдеткіш те баяулайды.


Мұның бәрі радиатордың бітелуінің ең көп таралған белгілері. Сирек кездесетін симптомдар мен салдарлар – автоматты беріліс қорабының ауысу проблемалары, антифриздің түсінің өзгеруі, су сорғысының немесе термостаттың ақаулары, цилиндр басының тығыздағышының зақымдануы және басқа да мәселелерді туындатады.

Әрине, экстремалды жағдайды күтпей, радиаторларды алдын-ала жуған дұрыс. Тіпті олардың жағдайын жылына кемінде екі рет тексеруді ереже ретінде қабылдаған жөн. Ластану дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін қарапайым тексеру әдістері де бар. Радиатордың балшыққа толып кетуін күтудің қажеті жоқ.

Сондай-ақ, радиаторды қоқыстар мен жәндіктерден қорғайтын тор бар екенін де еске түсірейік. Оның артықшылықтарын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ мұндай торлардың кішкентай көздері тез бітеліп, қызып кетуге әсер ететінін де есте ұстаған жөн. Яғни, оны мезгіл-мезгіл тазалап отыру керек.


СУ ЖӘНЕ ШЫДАМДЫЛЫҚ

Бірінші негізгі ереже – барлық жұмыстар тек көлік қозғалтқышы қызғаннан кейін жасалуы керек. Бірақ жұмысты бастамас бұрын адамға зиян келтірмейтін температураға дейін салқындатып алу керек. Қорғаныс құралдарының жиынтығын қолданған жөн.

Тазалауды ауа қысымымен үрлеуден бастаған дұрыс. Қазір мұндай тұрмыстық цилиндрлерді табу қиын емес. Мұндай цилиндрлерде ауа оңтайлы қысымға ұшырайды, бұл жүктемеге сезімтал қабырғаларға зиян тигізбейді және қуыс-қуыста тұрып қалған ластаушы заттарды үрлей алады.

Содан кейін су процедураларына көшеміз. Үйдегі қарапайым бүріккіш бөтелкені алыңыз да, оған алдын ала дайындалған тазалау ерітіндісін құйыңыз. Бұл абразивті немесе агрессивті емес радиаторға арналған арнайы қоспа болуы керек. Тазартылған су мен сұйылтылған концентратты да, дайын қоспаны да қолдануға болады. Мұндай затты алу үшін автокөлік бөлшектерін сататын дүкенге барған дұрыс. Тұрмыстық химияны қолдануды ұсынбаймыз, өйткені оның радиатор материалдарына қалай әсер ететіні беймәлім. Кез келген құралды қалай қолдану керектігі туралы өндіруші жапсырмасынан білуге болады.

Егер кірді кетіру үшін щетканы қолдану қажет болса, жұмсақ әрі серпімді «қадалары» бар щетканы қолданған дұрыс. Радиатор қабырғаларының нәзіктігін есте ұстаған жөн.

Тіс тазалағышты немесе пинцетті қолдану артық болмайды. Бұлар кірді, ұсақ тастарды және басқа да жағымсыз заттарды кетіру үшін қажет болады. Егер сіз майысқан қабырғаларды көрсеңіз, мұқият түзетуге тырысыңыз, бірақ пинцетпен емес, жалпақ бұрағышпен түзетіңіз.

Процедура аяқталғаннан кейін жуғыш заттың қалдықтарын таза сумен шайыңыз. Бірақ суды минималды, нөлге жақын қысыммен ағызыңыз. Осылайша бірнеше рет шайған жөн.


ҚОСЫМША АҚПАРАТ

Мұндай процесс – өз қолымен тазартудың ең қолжетімді және қарапайым әдісі. Бұл радиаторды немесе радиаторлар пакетін бөлшектеуді қажет етпейді. Технология мен қолданылатын құралдар қарапайым болып саналады.

Алайда, радиатордың ішін тазалаудың өзіндік күрделі тұстары бар. Толық тазалау үшін радиаторды бөлшектеу қажет болады. Өйткені шөгінділер тек радиаторларда ғана емес, сонымен қатар оның бүкіл контурында жиналады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қытай көліктерінің ҚАЙСЫСЫ СЕНІМДІ? Қайсысын сатып алған дұрыс?

Күзден АМАН-САУ өткіңіз келсе, кеңестерге құлақ түріңіз