Ыстанбұлдағы Долмабахче президенттік кеңсесінде Түркия, АҚШ және Украина делегацияларының үшжақты кездесуі өтті.
ERNUR.KZ. Келіссөз Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен басталды, деп жазады inform.kz.
Ыстанбұлдағы Долмабахче президенттік кеңсесінде Түркия, АҚШ және Украина делегацияларының үшжақты кездесуі өтті.
АҚШ делегациясын Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастады. Америкалық делегация құрамында сондай-ақ АҚШ-тың Анкарадағы Елшісі Том Барак пен президент Дональд Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог бар.
Украина делегациясының құрамында Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, қорғаныс министрі Рүстем Умеров және сыртқы істер министрі Андрей Сибига бар.
Украинадағы қақтығысты реттеуге күш салу
2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғаннан бері тараптар оны шешуге бірнеше рет талпыныс жасады.
Келіссөздің алғашқы үш раунды Беларусьте — 28 ақпанда Гомельде, ал 3 және 7 наурызда Брестте өтті, алайда тараптар негізгі мәселелер бойынша келісім жасай алмады.
2022 жылдың 10 наурызында Анталиядағы Дипломатиялық форум алаңында Ресей және Украина Сыртқы істер министрліктері басшыларының кездесуі өтті, бірақ одан ешқандай ілгерілеу болған жоқ.
29 наурызда Ыстанбұлдағы Долмабахче сарайында өткен кездесу маңыздырақ болды, онда украиндық делегация ресейлік тарапқа ықтимал келісім жобасы мен кепілгер елдердің тізімін ұсынды. Алайда 17 мамырда Украина келіссөзді ресми түрде тоқтатты, ал 4 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Ресей президенті Владимир Путинмен диалог жүргізу мүмкін еместігі туралы шешіміне қол қойды.
Дипломатиялық тығырыққа қарамастан, 2022 жылы 22 шілдеде Ыстамбұлда БҰҰ мен Түркияның делдалдығымен Қара теңіз астық бастамасы бойынша келісімге қол жеткізілді.
18 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен РФ президенті Путиннің телефон арқылы сөйлесуінен кейін ресейлік тарап энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдардан өзара бас тарту идеясын қолдады, келесі күні президент Зеленский осыған ұқсас шараларға келісімін берді.
2025 жылдың 11 мамырына қараған түні президент Путин Ыстанбұлда Украинамен алдын ала шартсыз тікелей келіссөз жүргізуді ұсынған мәлімдеме жасады.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған кездесуді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Трамп ресейлік әріптесінің Украинамен тікелей келіссөзді қайта бастау туралы ұсынысын қолдады, ал Зеленский 15 мамырда Ыстанбұлда өтетін келіссөзге қатысатынын растады.
Ыстанбұл бейбіт келіссөзінің бірінші күні, яғни 15 мамырда Ресей Федерациясы мен Украина делегацияларының тікелей кездесуі өткен жоқ.
Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский Ыстанбұлдағы Ресей бас консулдығы ғимаратының алдында тілшілерге берген сұхбатында Киевпен тікелей байланыстың мақсаты — қақтығыстың түпкі себептерін жою арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату екенін мәлімдеді. Оның атап өтуінше, ресейлік тарап Ыстанбұлдағы бейбіт келіссөздегі ықтимал ымыраға келуді талқылауға дайын және бұл кездесуді 2022 жылы өткен бейбіт келіссөздің жалғасы ретінде қарастырып отыр.
Украина президенті Зеленский Анкарада өткен баспасөз мәслихатында Түркия президенті Ердоғанға құрмет ретінде қорғаныс министрі Рүстем Умеров бастаған Украина делегациясын Ыстанбұлға жібергенін мәлімдеді.
Кешке Түркия СІМ басшысы Хакан Фидан президенттің көмекшісі Владимир Мединский бастаған ресейлік делегациямен келіссөз жүргізді.
16 мамырда Долмабахче сарайында екі үшжақты кездесу жоспарланған: жергілікті уақыт бойынша сағат 10:45–те Түркия, АҚШ және Украина арасындағы келіссөз, ал 12:30–да — Түркия, Ресей және Украинаның кездесуі өтеді деп күтіліп отыр.