Актрисаның айтуынша, ол өте қатты ауырсынуды сезінген.
Фото: Желідегі видеодан скрин
ERNUR.KZ. Қытайда танымал жас актриса әлеуметтік желідегі қауіпті трендті қайталап жарақат алды. Ол туған күнінде торт үрлеп, беті мен мойнын қатты күйдіріп алды, деп жазады Stan.kz.
Оқиға 26 жастағы қытайлық актриса Ван Тянь Юймен туған күнін атап өтіп жатқан кезде болған.
Актриса әлеуметтік желілерде адамдардың аузына спирт алып, оны шамға бүріккен кезде жалын бір сәтке қатты лап етіп жанып, кейін өшетін видеоларды көрген.
Сол трюкті қайталағысы келген ол достарымен туған күнін тойлап жатқанда далаға шығып, аузына таза спирт алып, шамы жанып тұрған шағын тортқа бүркіген.
Алайда бәрі жоспардағыдай болмады. Жалын кенеттен лап етіп, актрисаның беті мен шашына тиіп кеткен. Оны дереу ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның иегі, мойны және беті қатты күйгенін анықтады.
Актрисаның айтуынша, ол өте қатты ауырсынуды сезінген. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде мұндай қауіпті трюктерді ешқандай ескертусіз жариялайтын адамдарды сынға алды.
"Мен мұны қауіпсіз вирустық трюк деп ойладым. 96 пайыздық спирт қолдандым. Бірақ жалын кері қарай лап етіп, мойным мен иегімді күйдіріп жіберді. Әлі де ем алып жатырмын", – деді актриса.
Ван Тянь Юй 1999 жылы туған. Ол Шанхай консерваториясын тәмамдап, кино және телехикая актрисасы ретінде танылған. 2016 жылы ол гонконгтық танымал актер әрі режиссер Стивен Чоу түсірген "Су перісі" фильмінде алғаш рет киноға түскен. Содан бері актриса көптеген фильмдер мен телесериалдарға қатысқан.


