"Титаникте" қаза тапқан ерлі-зайыптылардың сағаты аукционда 2,33 млн долларға сатылды

0
154

Бұл туралы Англияның Уилтшир графтығындағы Дивайзес қаласында өткен Henry Aldridge and Son аукцион үйінің нәтижелері мәлімдеді.


Фото: Henry Aldridge and Son ресми сайты

ERNUR.KZ 1912 жылы "Титаник" суға батқанда қаза тапқан отбасының алтын қалта сағаты аукционда рекордтық 1,78 млн фунтқа (2,33 млн доллар) сатылды, деп жазады inbusiness.kz.




Jules Jurgensen маркалы алтын қалта сағаты неміс-америкалық кәсіпкер, АҚШ-тағы ең ірі Macy’s әмбебап дүкендер желісінің тең иесі Исидор Штраусқа тиесілі болған. Ол лайнерде жұбайы Идамен бірге сапарлап келе жатқан.

"Титаник" айсбергке соғылып, кемеге су кіре бастағанда Исидор басқа жолаушылармен бірге тағдырын бөлісуді жөн көріп, құтқару қайығына отырудан бас тартқан. Жұбайы Ида да 41 жыл отасқан жарының жанында қалуды таңдап, құтқарылудан бас тартады. Ерлі-зайыптылар өз орындарын қызмет көрсетушісіне берген.

Исидор мен Иданың соңғы сәттері Джеймс Камеронның 1997 жылғы "Титаник" фильмінде көрсетілген: суда толған каютада бір-біріне сүйеніп отырған күйде бейнеленеді.

Іздестіру тобы Исидордың денесін оның жанындағы заттарымен бірге тапқан, солардың ішінде осы сағат та бар. Кейінірек сағат оның мұрагерлеріне берілген. Иданың денесі табылмаған.

Бұған дейінгі рекорд та осы аукцион үйінде орнаған: 2024 жылдың қарашасында олар "Карпатия" кемесінің капитаны, "Титаниктің" 700-ден астам жолаушысына көмектескен Артур Ростронның сағатын 1,6 млн фунтқа (2 млн доллар) сатқан болатын.

"Титаник" 1912 жылдың 10 сәуірінде Саутгемптоннан алғашқы әрі соңғы сапарына шыққан. 14 сәуірден 15-іне қараған түні Солтүстік Атлантикада айсбергке соғылып, 2 сағат 40 минуттан кейін суға батып кетті. Қайғылы оқиға салдарынан шамамен 1,5 мың адам қаза тауып, 712 жолаушы мен экипаж мүшесі аман қалған.