Оқиға Братислава мен Пезинок қалалары арасындағы, астанадан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде болған.
Фото: Domov.sme.sk
ERNUR.KZ. Словакия астанасы Братислава қаласының маңында екі пойыз соқтығысып, біраз адам зардап шеккен, деп жазады inform.kz.
Оқиға Братислава мен Пезинок қалалары арасындағы, астанадан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде болған.
Елдің Ішкі істер министрі Матуш Шутай-Эшток оқиға орнына барып, ондаған адамның жеңіл жарақат алғанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар жоқ. 11 адам ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер жарақат алғандардың қатары артуы мүмкін екенін айтты.
Вагондарда шамамен 800 адам болған. Астана маңындағы маңызды теміржол учаскесінде қозғалыс уақытша тоқтатылды.
Алдын ала ақпарат бойынша, пойыздар бетпе-бет соқтығыспаған және рельстен шығу фактісі де тіркелмеген. Бұл жөнінде полицияның мәлімдемесіне сүйеніп, Reuters агенттігі жазды.
Reuters агенттігі дерегіне сүйенсек, бұл Словакияда соңғы бір ай ішіндегі екінші теміржол апаты. 13 қазанда елдің шығысында екі пойыз соғысып, 91 адам жарақат алған еді.
Оған дейін Мексикада пойыз автобуспен соқтығысып, салдарынан 10 адам қаза тауып, 61 адам жарақат алғанын жаздық.


