Ресей ОСК: «Единая Россия» Мемлекеттік думада 355 орын алуы мүмкін

0
157

Сайлаудың түпкілікті қорытындысын ОСК 25 қыркүйекте шығаруды жоспарлап отыр.


Ресей ОСК: «Единая Россия» Мемлекеттік думада 355 орын алуы мүмкін

Фото: ТАСС

ERNUR.KZ. Мемлекеттік Думаның тоғызыншы шақырылымы депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша «Единая Россия» партиясы 450 депутаттық мандаттың 355-ін алуы мүмкін. Сайлаушылардың қатысуы 59,32%-ды құрады, деп жазады inform.kz.

РФ Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, хаттамалардың 95,18%-ы өңделгеннен кейін «Единая Россия» федералдық тізім бойынша 57,83% дауыс жинап, бір мандатты 208 округте жеңіске жетті. РФ Коммунистік партиясы 13,81% дауыс жинап, бір мандатты округтерде бес мандат алды, ЛДПР – 8,98% және екі мандат, «Новые люди» – 7,96%.

Осылайша, алдын ала мәлімет бойынша, РФ Коммунистік партиясы 40 депутаттық орын, ЛДПР – 25, «Новые люди» – 20 орын алады. «Справедливая Россия» партиясы 4,96% дауыс жинап, әзірге 5 пайыздық межеден өте алмады, алайда бір мандатты төрт округте жеңіске жетті. Дауыстарды одан әрі санау қорытындысы бойынша партияның Мемлекеттік Думаға өту мүмкіндігі сақталады.

Сайлаудың түпкілікті қорытындысын ОСК 25 қыркүйекте шығаруды жоспарлап отыр. ОСК төрағасы Элла Памфилованың айтуынша, қалған хаттамалар алдын ала нәтижелерге аздаған түзетулер енгізуі мүмкін.

Памфилованың мәліметінше, дауыс беруге 62,6 млн-нан астам адам қатысты. Бұл ретте қашықтан электронды дауыс беруге қатысу көрсеткіші 90,88%-ды құрады – 3,65 млн-нан астам сайлаушы онлайн дауыс берген.

Сонымен қатар дауыс беру барысында жекелеген заң бұзушылықтар тіркелді. ОСК мәліметінше, Марий Эл, Якутия республикаларында, Мәскеу облысы мен Санкт-Петербургте учаскелік сайлау комиссияларының 17 мүшесі жұмыстан шеттетілді. Олардың қатарында бюллетеньдерді қасақана бүлдіру, сайлау құжаттары салынған сейф-пакеттерді зақымдау, сондай-ақ сайлаушылар тізімдері мен стационарлық дауыс беру жәшіктерінің ішін заңсыз фото және бейнетаспаға түсіру фактілері болды. Шешімдер сот қаулылары негізінде қабылданған.

Бұдан бөлек, Ресейдің 12 субъектісіндегі 20 сайлау учаскесінде 36 850 бюллетень жарамсыз деп танылды. ОСК Қырым мен Марий Элде бюллетеньдерді жәшікке жаппай салудың екі жағдайы тіркелгенін хабарлады. Бұл ретте сайлау учаскелеріндегі дауыс беру қорытындыларын жарамсыз деп тану жағдайлары тіркелген жоқ.

Сайлауда барлығы 336 мыңнан астам бақылаушы жұмыс істеді.

ОСК мәліметінше, сегіз өңірдегі 15 бақылаушы сот шешімдері бойынша учаскелерден шығарылды. Бұған сайлау комиссияларының жұмысына араласу, дауыс беруге кедергі келтіру, жанжал туғызу және фото-бейнетүсірілім жүргізудің белгіленген тәртібін бұзу себеп болған.

Памфилова өткен сайлау науқанын сыртқы қауіп-қатерлер деңгейі бойынша ең күрделі науқандардың бірі деп атады.

Оның бағалауынша, сайлау жүйесіне жасалған кибершабуылдар бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейген. Сонымен қатар оның айтуынша, азаматтар бұл қауіптердің дауыс беру процесіне ықпалын іс жүзінде сезінбеген.

Сайлау аяқталғаннан кейін Ресейдің парламенттік партиялары Мемлекеттік Думаның жаңа шақырылымындағы басшылық органдарының құрамын талқылауға кірісті. ЛДПР төрағасы Леонид Слуцкий партия жаңа шақырылымдағы фракциясын сақтайтынын және бұған дейін партиядан шыққан немесе шығарылған депутаттар мен партия белсенділерін қайта қабылдауды жоспарламайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, сондай-ақ Журавлевпен оның Мемлекеттік Думадағы ЛДПР фракциясының құрамына кіру мүмкіндігі талқыланады.

Слуцкий ЛДПР-дің 2021 жылғы Мемлекеттік Дума сайлауымен салыстырғанда нәтижесін жақсартқанын атап өтті.

Оның айтуынша, партияның федералдық сайлау штабының жетекшісі Мария Воропаева Мемлекеттік Думаның тоғызыншы шақырылымында ЛДПР атынан вице-спикер болады.

«Единая Россия» партиясында осы аптада Мемлекеттік Думаның төрағасы, фракция жетекшісі және комитет төрағалары лауазымдарына кандидаттар бойынша шешімдер қабылданады деп күтіледі. Мемлекеттік Думаның қазіргі төрағасы Вячеслав Володин депутат болып қайта сайланды: дауыстарды 100% санау қорытындысы бойынша Саратов бір мандатты округінде ол 82,84% дауыс жинады.

Келесі федералдық сайлау науқаны 2027 жылы бірыңғай дауыс беру күні аясында өтеді. Сол кезде Ресейдің он субъектісінде жоғары лауазымды тұлғаларды сайлау өткізіледі.

Бұған дейін Тоқаевтың Путинді Мемлекеттік Дума сайлауының өтуімен құттықтағаны туралы жазған болатынбыз.