Жыл басынан бері Өзбекстанда 15–17 жастағы 155 қыз ерте некеге тұрған.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Өзбекстанда 15–17 жас аралығындағы қыздар арасында 155 ерте неке жағдайы тіркелді, сондай-ақ туыстық некелер де әлі кездесіп отырғаны анықталды, деп жазады ulysmedia.kz.
Жыл басынан бері Өзбекстанда 15–17 жастағы 155 қыз ерте некеге тұрған. Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяровтың айтуынша, ерте және туыстық некелер әлі де жалғасып келеді.
– Қазіргі медицина ерте некелер мен туыстар арасындағы некелер мүмкіндігі шектеулі балалардың туылу қаупін айтарлықтай арттыратынын дәлелдеді, – деді министр.
Министрдің айтуынша, кеңес барысында әйелдердің бір күнтізбелік жыл ішінде екі рет жүкті болып, босану аралығын сақтамауы да талқыланған. Мұндай жағдайлар «әлсіз әрі аурушаң балалардың дүниеге келуіне әкеледі». Осыған байланысты елде ақпараттық-түсіндіру науқаны жүргізілмек.
Өзбекстанда ерлер мен әйелдер үшін неке жасы – 18 жас (2019 жылы әйелдер үшін 17 жастан 18 жасқа көтерілген). 2016 жылы АХАЖ органдары 17 жастағы 4233 қыздың некесін тіркеген болса, 2017 жылы – 4853, 2018 жылы – 5123 неке тіркелген. Ал 2021 жылғы мәліметке сәйкес, неке жасының жоғарылауынан кейін 2020 жылы 17 жастағы қыздардың некелесу жағдайы бірден 97%-ға азайып, небәрі 88 жағдай тіркелген.