ERNUR.KZ. Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева Ташкентте The Walt Disney компаниясының вице-президенті Хайма Вашингтонмен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі, деп жазады kaz.inform.kz.
Фото: disneyexperiences.com
Келіссөз барысында тараптар Өзбекстан астанасын балалар контентін шығаратын аймақтық хабқа айналдыру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, ресми Ташкент Голливуд мамандарымен бірге аниматор, режиссер және автордарды даярлауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Хайма Вашингтон Өзбекстанда The Walt Disney компаниясының Орталық Азия елдері бойынша өкілдігін ашуға және өзбек тіліндегі контент қамтылған балалар телеарнасын іске қосуға қызығушылық білдірді.
Бұған қоса, тараптар республикада Disneyland саябағын салу мүмкіндіктерін талқылап, жобаны келешек жоспарлар қатарына енгізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Disneyland АҚШ, Франция, Жапония және Қытайда жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері Астанада Disneyland салыну бастамасына қатысты пікір білдіріп еді. Мұнымен бірге, биыл шілдеде Димаш Құдайбергеннің әні алғаш рет Disney радиосында қойылды.


