ОАР-да оңай олжа таппақ болған браконьерлердің бірін піл таптап өлтірген

0
85

Оңтүстік Африка Республикасындағы Крюгер ұлттық паркіне келген екі браконьердің сапары қайғылы аяқталды.


ОАР-да оңай олжа таппақ болған браконьерлердің бірін піл таптап өлтірген

Иллюстрациялық фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Ақ мүйізтұмсықтың мүйізін олжалау үшін күзетілетін аумаққа жасырын кірген ер адамдар суат басында пілдер үйіріне тап болған. Олардың бірі қаза тауып, екіншісі қашуға тырысқан, бірақ көп ұзамай ұсталды, деп жазады tengrinews.kz.

Не болды?

The Sun ақпаратынша, оқиға Крюгер ұлттық паркінің аумағындағы Пафури аңшылық үйшігінің маңында болған.

Дабыл қағылғаннан кейін рейнджерлер іздеуге шығып, парктің ішіне қарай алты шақырымдай жол жүрген. Нәтижесінде олар мүйізтұмсықтар үйірінің маңынан браконьерлердің бірінің денесін тапты.

Басылымның мәліметінше, екі ер адам парктің ішіне ақ мүйізтұмсықты мүйізі үшін аулауға кірген. Суат басында жануарларға шабуыл жасамақ болған кезде, кенеттен африкалық пілдер пайда болған.

Ұлттық парк қызметкерінің айтуынша, браконьерлер қашып құтылмақ болған.

"Олар жан-жаққа қарай қашты, бірақ оқ атуға ыңғайланып жатқаны бөгеліп қалды. Пілдер оған бірінші болып тап беріп, қоршап алды да, аяусыз таптап тастады. Соңында тапқанымыз - киімдегі үлкен қанды дақ қана болды", - деді ол.

Екінші ер адам оқиға орнынан қашып үлгерген. Алайда ол алысқа ұзай алмаған.

Құқық қорғау органдарына болған жағдай туралы хабарланған соң, олар екінші күдіктіні іздеуге кірісті.

"Бізге оқиға туралы хабар түсті, біз күдіктінің ізіне түсіп, оқиға болған жерге дейін бардық", - деп толықтырды парк қызметкері.

Осылайша, заңсыз аңшылыққа шыққандардың бірі қаза тауып, екіншісі қамауға алынды.

Паркте оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Неге браконьерлер мүйізтұмсықтарды аулайды?

Оңтүстік Африка паркінде 1850-ге жуық ақ мүйізтұмсық, сондай-ақ әйгілі "үлкен бестік": піл, мүйізтұмсық, буйвол, арыстан және қабылан мекендейді.

Мүйізтұмсықтардың браконьерлер құрбанына айналуының басты себептерінің бірі - заңсыз нарықта олардың мүйіздерінің жоғары бағалануы. БАҚ мәліметінше, ақ мүйізтұмсықтың мүйізі шамамен 10 000 фунт стерлингке (шамамен 6 миллион теңге) бағаланады және қара базарда оның құны өз салмағындағы алтыннан да қымбат тұрады.

Мүйізтұмсықтың мүйізі негізінен кератиннен - адамның шашы мен тырнағының құрамына кіретін ақуыздан тұрады. Емдік қасиеттері дәлелденбегеніне қарамастан, кейбір елдерде мүйіз дәстүрлі медицинада қолданылып, түрлі ауруларға ем ретінде сатылады.