Үндістанның Батыс Бенгалия штатында адам өміріне қауіпті нипах вирусының жаңа өршуі тіркелді.
Фото: bbc.com
ERNUR.KZ. Осыған байланысты Азиядағы бірнеше мемлекет Үндістаннан келетін жолаушыларға медициналық бақылауды күшейтті, деп жазады inbusiness.kz.
Таиланд Бангкок пен Пхукеттегі үш халықаралық әуежайда рейстерден түсетін жолаушыларды тексеруді бастады. Олардан денсаулық жағдайы туралы анкета толтыру талап етіледі. Непал бақылауды тек Катманду әуежайында ғана емес, Үндістанмен шекарадағы құрлықтық бекеттерде де күшейтті.
Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан да шекарадағы санитарлық бақылауды қатаңдатты. Бұл елдерде әзірге вирус жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ.
Вирус жануарлардан (жарқанат, шошқа) адамға жұғады, сондай-ақ адамнан адамға да тарайды.
Алғашқы белгілері: дене қызуы, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, құсу, тамақтағы ауырсыну. Кейбір науқастарда ұйқышылдық, ес шатасуы, пневмония байқалады. Ауыр жағдайларда энцефалит (ми қабынуы) дамуы мүмкін.
ДДСҰ Нипахты Covid-19 және Зика секілді ең қауіпті он аурудың қатарына енгізген.
Алғашқы рет вирус 1998 жылы Малайзиядағы шошқа фермаларында анықталып, Сингапурға тараған. Сол кезде 100-ден астам адам қаза тапты, миллионға жуық шошқа жойылды. 2001 жылдан бері Бангладеште 100-ден астам адамның өмірін қиды.
Үндістанда Батыс Бенгалияда (2001, 2007) және Кералада (2018, 2023) бірнеше рет тіркелді. 2018 жылы 19 адамның 17-сі қайтыс болды.
Таиланд ұлттық парктер мен туристік аймақтарда бақылауды күшейтті.
Тайвань билігі Нипахты "бесінші санаттағы аурулар" қатарына енгізуді ұсынды. Бұл топқа қоғамдық денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін жаңа немесе сирек кездесетін инфекциялар кіреді.


