Материалда оның 2,8 млрд еуро (16 миллиард теңге) көлемінде айыппұл төлейтіні де көрсетілген.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Тун Разак өзі теңқұрылтайшы болған 1Malaysia Development Berhad (1MDB) мемлекеттік инвестициялық қорынан ірі көлемдегі қаржы жымқырғаны және билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады stan.kz.
Материалда оның 2,8 млрд еуро (16 миллиард теңге) көлемінде айыппұл төлейтіні де көрсетілген.
Бұл осы қорға байланысты басқа үкім бойынша түрмеде отырған экс-премьердің екінші ірі сот процесі. Тергеу мәліметінше, жүздеген миллион еуро Разактың жеке банк шоттарына түскен. Ал қорғау тарапы оны манипуляциялағанын және қаражаттың Сауд Арабиясынан “саяси қайырымдылық” ретінде келгенін алға тартқан.
Куала-Лумпурдың Жоғарғы соты бұрынғы премьердің барлық транзакциясын хабардар болғанын дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар бар екенін мәлімдеді.
Малайзияның негізін қалаушылардың бірі саналатын тұлғаның ұлы Разак кез келген құқықбұзушылықты жоққа шығарады.
Судья Коллин Лоуренс Секерах Сауд Арабиясынан қайырымдылық түсті деген уәж “сенімге алынбайтынын” айтты. Оның сөзінше, саудиялық донордан келген делінген төрт хат қолдан жасалған, ал дәлелдер қаражаттың 1MDB қорынан алынғанын көрсетеді.
Судья қорғау тарапының экс-премьерді 1MDB-дың бұрынғы шенеуніктері мен Лоудың алдап соққан “бейкүнә құрбан” ретінде көрсетуге тырысқан дәлелдерін қабылдамады.
Сот мәліметінше, куәгерлердің айғақтары Разак пен Лоудың арасындағы “айқын байланысты” көрсетеді: Лоу шенеунік үшін “сенімді адам, жолбасшы, делдал және ұйымдастырушы” ретінде әрекет еткен.
Бұрынғы премьер қыруар қаржының шығу тегін тексермеген әрі Лоуға қатысты шара қолданбаған. Керісінше, ол бұл қаражатты пайдаланып, өз позициясын қорғау үшін істі тергеген бас прокурор мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысын қызметтен шеттеткені айтылады.
Наджиб Разак 2009–2018 жылдары премьер-министр болды және 1MDB қорын қызметке келгеннен кейін көп ұзамай құрған.
АҚШ Әділет министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2009–2014 жылдары қордың топ-менеджерлері мен олардың көмекшілері 4,1 млрд еуродан (2,5 триллион теңгеге жуық) астам қаржыны жымқырып, оны АҚШ, Сингапур және Швейцария арқылы жылыстатқан.
1MDB ісіне байланысты қоғамдағы наразылық 2018 жылғы сайлауда Разактың билік партиясының жеңілуіне әкелді. Бұл партия Малайзияны 1957 жылы тәуелсіздік алғаннан бері басқарған.
2020 жылы экс-премьер 1MDB-дың бұрынғы бөлімшесі SRC International-ға қатысты қылмыстар үшін 12 жылға сотталған.
Ол жазасын 2022 жылғы тамызда өтей бастады және түрмеге қамалған алғашқы малайзиялық бұрынғы көшбасшы атанды. 2024 жылы кешірім кеңесі жазасын екі есе қысқартып, босату мерзімін 2028 жылдың тамызына белгіледі. Алайда жұма күні шыққан жаңа үкім оның түрмеде отыру мерзімін ұзартуы мүмкін.
Оның жұбайы Розмах Мансор 2022 жылы бөлек жемқорлық ісі бойынша 10 жылға сотталып, апелляция қаралғанға дейін кепілмен босатылған.
Айта кетейік, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджва Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шыққан. Ал БАҚ-тағы мәліметтерге сүйенсек, Данияр Кесікбаев Болат Назарбаевтың бұрынғы жұбайы Майра Құрманғалиеваның ұлы. 2015 жылы Алматыда үйлену тойда Наджиб Тун Разак пен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен.


