​Қытайдың Янцзы өзенінде дельфин көбейді

0
76

Министрлік өкілі 2025 жылы жүргізілген арнайы зерттеу нәтижелеріне тоқталды.


​Қытайдың Янцзы өзенінде дельфин көбейді

Фото: freepik.com


ERNUR.KZ. Ресми дерекке сәйкес, Янцзы алабындағы өзен дельфинінің саны 2025 жылы 1,426 басқа жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылдағыдан 177 бас артық, деп жазады kaz.inform.kz.

Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Қытай Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігінің өкілі 30 қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында Янцзы өзенінде енгізілген «балық аулауға он жыл қатарынан тыйым салу» шарасының аралық қорытындысын таныстырды. Оның айтуынша, тыйым толықтай іске қосылғаннан кейінгі бес жылдың ішінде өзен алабындағы биоәртүрлілікті қалпына келтіру үдерісі тұрақты түрде жақсарып, Янцзы экологиясы қайта жандана бастаған.

Министрлік өкілі 2025 жылы жүргізілген арнайы зерттеу нәтижелеріне тоқталды.

“ Арнайы санақ Янцзы өзеніндегі дельфиндердің саны 1,426 басқа жеткенін көрсетті. Бұл 2022 жылғы деректермен салыстырғанда 177 басқа артық. Бүгінде олар Янцзы экожүйесін қорғаудың маңызды экологиялық символына айналды”, – деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ оның мәлімдеуінше, 2021–2025 жылдар аралығында Янцзы алабында барлығы 351 балық түрі тіркелген. Бұл балық аулауға жаппай тыйым салынғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 43 түрге көп. Осы уақыт ішінде балықтардың ұсақталу үрдісі айтарлықтай тежеліп, су экожүйесінің биотикалық тұтастық индексі едәуір артқан.

Айта кетейік, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Янцзы өзенінің негізгі су айдындарында балық аулауға жаппай тыйым салу режимі енгізіліп, мерзімі он жылға белгіленген болатын. Янцзы өзені дельфині – қазіргі таңда алапта тіршілік ететін бірден-бір киттектес сүтқоректі.

Ашық дереккөздерге сәйкес, Қытай өнеркәсібінің қарқынды дамуы Янцзы өзенінің экожүйесіне елеулі залал келтірген. Соның салдарынан Янцзы өзені дельфиндерінің популяциясы қиын жағдайға тап болған. 2013 жылдан кейін Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл кітабында оның мәртебесі жойылып бара жатқан түрлер (CR) ретінде бағаланып келеді. 2017 жылдың мамыр айында Қытайдың Ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрлігі Янцзы өзенінің дельфинін I санатты қорғалатын жануарлар тізіміне енгізді.