"Көпірлі кран құлаған": Түркияда зауыттағы жарылыстан 10 адам жан тапсырды

0
87

Оқыс оқиға Измир провинциясындағы HABAŞ металлургия зауытында тіркелген.


Фото: takvim.com.tr

ERNUR.KZ. Жарылыстан 10 жұмысшы қаза тапса, тағы 15 адам жарақат алып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Измир провинциясының губернаторы Сүлейман Эльбанның мәліметінше, жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 11:46 шамасында болған.

Оның сөзінше, қазандықты ауыстыру кезінде көпірлі кран құлап кеткен. Құлаған конструкциялар электр доғалы пешке тиіп, табиғи газ құбырын зақымдаған. Соның салдарынан болат балқыту цехында жарылыс тіркелген.

Осы кезде ауруханаларда зардап шеккен 15 адам ем қабылдап жатыр. Төртеуінің жағдайы ауыр, қалған 11 адамның жарақаты жеңіл. Оқиға уақытында кәсіпорында әдеттегі 300 адамның орнына шамамен 200 қызметкер болған. Болат балқыту жұмыстары жүргізілмеген.

Эльбан кәсіпорын аумағындағы іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталуға жақын екенін хабарлады.

– Үйінді астында 4 адам болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Олардың тағдыры анықталғанша іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасады. Қазір мамандар құлаған конструкциялардың астындағы аумақтарды тексеріп жатыр, – деді губернатор.

Ол ауыр жарақат алған 4 адамның Измирдегі әртүрлі ауруханаға жеткізілгенін, қалған 11 зардап шегуші Алиага мемлекеттік ауруханасында ем қабылдап жатқанын айтты.

Оқиғаға қатысты Бас прокуратура, тиісті министрліктер мен жергілікті билік өкілдері әкімшілік және сот тергеуін жүргізуде. Әзірге ешкім ұсталмады.