Қара теңізде Қазақстан мұнайын жеткізген танкерге шабуыл жасалды

0
84

Грецияның теңіз ісі министрі Василис Кикилиас оқиғаға пікір білдіріп, шабуыл Ресей мұнайын санкциялардан шығару туралы соңғы шешімдермен байланысты болуы мүмкін деп айтты.


Қара теңізде Қазақстан мұнайын жеткізген танкерге шабуыл жасалды

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. 14 наурызда Қара теңізде грек танкері Maran Homer шабуылға ұшырады. Кеме Қазақстан мұнайын жеткізуге бара жатқан, деп жазады Stan.kz.

Грециялық БАҚ-тың мәліметінше, кеме Ресей аумақтық суларынан тыс жерде тұрған кезде белгісіз нысан шабуыл жасаған. Ол Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумы (КТК) терминалына кіруге рұқсат күтіп тұрған. Танкер Қазақстан мұнайын алуға тиіс болатын.

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі жолдардың бірі. Мұнай Ресей арқылы Новороссийскідегі терминалдан экспортқа жіберіледі. Бұл терминал арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының шамамен 80%-ы өтеді.

“Жараланғандар жоқ, экипаж қауіпсіз. Кеменің палубасы мен жабдықтарына жеңіл зақым келген. Танкер босатылған, қоршаған ортаға зиян тимеген. Қазіргі уақытта кеме Новороссийскі қаласынан шыққан”, – делінген хабарламада.

Грецияның теңіз ісі министрі Василис Кикилиас оқиғаға пікір білдіріп, шабуыл Ресей мұнайын санкциялардан шығару туралы соңғы шешімдермен байланысты болуы мүмкін деп айтты.

Министрдің айтуынша, танкер Chevron компаниясынан жалға алынған. Салоникиден шыққан және ешқандай жүкті тасымалдамаған. Афина бұл оқиғаны Еуропа Кеңесінде теңіз қауіпсіздігі мәселесі ретінде көтермек.

“Жаһандық теңіз қатынасы болмаса, сауда да болмайды", – деді ол.

Қазақстанның Энергетика министрлігі Новороссийск маңындағы теңіз айдынында болған "Maran Homer" танкеріне қатысты оқиғаға түсініктеме берді.

Министр кеңесшісі әрі ресми өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, оқиға болған кезде танкердің бортында Қазақстан мұнайы болмаған. Сондықтан Қазақстанның экспорттық мұнайына ешқандай шығын келмеген.