Германияда тұрғын үйге метеориттің сынықтары құлады

0
321

Ерекше құбылысты тұрғындар байқаған.


Германияда тұрғын үйге метеориттің сынықтары құлады

ERNUR.KZ. Германияның батысында метеориттің бөлшектері құлап, бірнеше тұрғын үйге зақым келтірді, деп жазады BAQ.KZ

Батыс Германияның көптеген тұрғыны аспандағы ерекше жарық құбылысын байқаған. Төменгі Саксония, Гессен, Рейнланд-Пфальц, Саар, Баден-Вюртемберг және Солтүстік Рейн – Вестфалия тұрғындары әлеуметтік желілерде видео мен фотолар жариялаған.

Полицияның жедел штабының хабарлауынша, оқиға туралы алғашқы ақпарат Кобленц қаласынан, сондай-ақ Рейнланд-Пфальц жеріндегі Хунсрюк пен Айфель таулы аймақтарынан түскен.

Кешкі уақытта Кобленцтің Гюльс ауданында орналасқан тұрғын үйдің шатырына «жанып түскен аспан денесі» құлаған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері барған. Қазіргі уақытта ешқандай қауіп жоқ, - делінген полиция таратқан хабарламада.
AFP агенттігінің дерегіне сүйенсек, кейбір адамдардың жарақат алғаны туралы мәліметтер де бар.

Кайзерслаутерн қаласының (Рейнланд-Пфальц) полициясы тұрғындардың «қысқа уақыт оттай жарқыраған, жарық шашқан ұшып бара жатқан нысанды» немесе аспандағы жарқылды көргенін айтқанын хабарлады. Кейбір болжамдарда зымыран ұшып өтті деген пікір де айтылған. Алайда құқық қорғау органдары қауіпсіздікке қауіп төндіретін ешқандай белгі жоқ екенін атап өтті.