Берлиндік стартап әзірлеген жоба авторлары оны «саналы TikTok» ретінде таныстырып отыр.
Фото: DW
ERNUR.KZ. Германияда қысқа видеоларға арналған жаңа әлеуметтік желі – Wedium платформасы іске қосылады, деп жазады inform.kz.
Берлиндік стартап әзірлеген жоба авторлары оны «саналы TikTok» ретінде таныстырып отыр. Платформада балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Контент жариялау үшін пайдаланушылар жеке куәлік арқылы тіркелуі тиіс. Әзірлеушілер тобына жасөспірімдердің ата-аналары да кірген.
Жоба авторлары Wedium-ді «100 пайыз еуропалық өнім» деп атап, онда боттар болмайтынын, хейт, жалған ақпарат және манипуляцияларға тыйым салынатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, пайдаланушыларға арналған қатаң желілік этика ережелері енгізіледі.
Айта кетейік, бұл платформада TikTok секілді қолданушыларды ұзақ уақыт ұстап тұратын тәуелділік тудыратын алгоритмдер болмайды. Блогерлерге жарнамадан түсетін табыстың 50 пайызы ұсынылады. Ал жарнамасыз пайдаланғысы келетіндер үшін ай сайынғы жазылым құны 9 еуро болады.
Жобаның толық іске қосылуы шілде айына жоспарланған. Қазірдің өзінде күту тізіміне 10 мыңнан астам адам тіркелген. Салыстыру үшін, TikTok қолданушыларының саны әлем бойынша шамамен 1,5 млрд адамды құрайды.
NTV телеарнасының мәліметінше, Германияда жасөспірімдерге арналған әлеуметтік желілерді шектеу немесе арнайы платформалар құру мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Сарапшылар Wedium дәл осы сегментті қамтуы мүмкін екенін айтады.
Айта кетейік, Грекияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салынады.


