Францияда ерлі-зайыптылардың "жыныстық қатынасқа түсу міндеті" алып тасталынбақ

0
95

Қазір Франция Азаматтық кодексінде некенің міндеттері ретінде “құрмет, адалдық, қолдау және көмек” көрсетілген, сондай-ақ жұптардың “бірге өмір сүруді” міндеттелетіні айтылады.


Францияда ерлі-зайыптылардың

Фото: AFP via Getty Images

ERNUR.KZ. Франция заң жүзінде “ерлі-зайыптылық құқықтар” деп аталатын түсінікті, яғни некеде жыныстық қатынас міндеті бар деген ұғымды жоюды азаматтық кодекске енгізбек, деп жазады stan.kz.

Сәрсенбі күні Ұлттық ассамблея мақұлдаған заң жобасы елдің Азаматтық кодексіне “бірге тұру” (Азаматтық неке) ұғымы “жыныстық қатынасқа түсу міндетін” тудырмайтынын нақтылайтын тармақ қосуды көздейді.

Сондай-ақ ұсынылған заң ажырасу кезінде жыныстық қатынастың болмауын негіз ретінде және тараптың бірін “кінәлі” ретінде көрсетуге жол бермейді.

Бұл өзгеріс сот практикасына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Дегенмен бастаманы қолдаушылар заң ерлі-зайыптылар арасындағы зорлаудың алдын алуға ықпал етеді деп үміттеніп отыр

“Осындай құқық немесе міндет сақталып қалса, біз күйеудің әйелге үстемдік жүргізуі мен қанаушылық жүйесін жанама түрде мақұлдаған боламыз. Неке – жыныстық қатынасқа келісім біржола әрі өмір бойына берілді деп саналатын “көпіршік” болмауы керек”, – деді заң жобасының авторы, “Жасылдар" партиясының депутаты Мари-Шарлотт Гарин.

Жаңа заң “ерлі-зайыптылық міндет” туралы ешбір құқықтық мәтінде тікелей жазылмаса да, көптен бері сақталып келген екіұштылықты жоюға бағытталған.

Қазір Франция Азаматтық кодексінде некенің міндеттері ретінде “құрмет, адалдық, қолдау және көмек” көрсетілген, сондай-ақ жұптардың “бірге өмір сүруді” міндеттелетіні айтылады.

Мәтіндерде “ерлі-зайыптылық”, яғни жыныстық құқықтар туралы нақты сөз жоқ. Бұл ұғымның түп-төркіні ортағасырлық шіркеу құқығына барып тіреледі.

Дегенмен кей кездері судьялар “бірге өмір сүру” ұғымын кеңінен түсіндіріп, оған жыныстық қатынасқа түсу міндетін де енгізіп келген.

2019 жылы қаралған белгілі істе әйел бірнеше жыл бойы күйеуімен жыныстық қатынастан бас тартты деп танылып, олардың ажырасуына әйел “кінәлі” деп танылған. Алайда кейін әйел өз ісін Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа (ECHR) жеткізіп, ол былтыр Францияны жыныстық қатынастан бас тартуды “кінәға негізделген ажырасуға” себеп етуге мүмкіндік бергені үшін айыптады.

Феминистік қозғалыс өкілдері мұны маңызды ілгерілеу ретінде бағалады.

ECHR шешімінен кейін іс жүзінде француз судьяларының мұндай ұйғарым шығаруы мүмкін болмай қалды. Сондықтан жаңа заң негізінен нақтылау сипатында, әрі соттарға ықпалы үлкен болмайды деп күтіледі.

Белсенділер әйелдердің күйеуімен жыныстық қатынасқа түсуге “міндетті” деген түсінік қоғамның кей бөлігінде әлі де сақталған және онымен күресу қажет деп есептейді.

2024 жылғы Мазан соты қараған – ер адам әйеліне есірткі беріп, ес-түссіз жатқан жары Жизель Пеликоны өзге ер адамдарға зорлатқаны жайлы іс – бұл мәселені айқын көрсетті деп саналады. Айыпталушылардың кейбірі күйеуінің айтқандарына сүйеніп, әйелдің келісімі бар деп ойлағанын мәлімдеген.

Францияда, өзге көптеген елдегідей, ерлі-зайыпты арасындағы зорлау қылмыс ретінде заңмен бекітілген. Бұған дейін, 1990 жылға дейін, ер адамдар неке келісімді білдіреді деп дәлелдеуге тырыса алатын.

Былтыр қарашадан бастап Францияда зорлаудың құқықтық анықтамасы да кеңейтілді, енді ол келісімнің жоқтығы ұғымын қамтиды.

Бұрын зорлау “зорлық, мәжбүрлеу, қорқыту немесе тосын жағдай” арқылы жасалған жыныстық әрекет ретінде қарастырылса, қазір “хабардар, нақты, алдын ала берілген және кез келген уақытта қайтарып алынатын" келісім болмаған жағдайда жасалған кез келген әрекет зорлау ретінде бағаланады. Заңға сәйкес, үнсіздік немесе әрекетсіз қалу келісім белгісі емес.