ERNUR.KZ. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі дүйсенбі күні АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы жүргізген операциясына байланысты шұғыл отырыс өткізеді, деп жазады BAQ.KZ.
Бұл туралы Синьхуа агенттігінің тілшісіне Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуші тарап мәлімдеді.
“Төрағалық дүйсенбі күні Гринвич уақытымен 10:00-де (15:00) шұғыл отырыс өткізуді жоспарлап отыр”, — деді Сомалидің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің баспасөз хатшысы Хадиджа Ахмед.
Еске салайық, қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ай сайынғы ротация аясында Сомали төрағалық етіп отыр.
Сенбі күні АҚШ Венесуэлаға қарсы операция жүргізіп, Каракаста ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын қолға түсірді. Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті мен оның әйелі кемемен Нью-Йоркке бағыт алғанын хабарлады.
АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бондидің мәлімдеуінше, Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске есірткі терроризмі мақсатындағы сөз байласу, кокаинді заңсыз әкелу, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарына қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау мақсатындағы сөз байласу бойынша айыптар тағылған. Жақын арада олар сот алдына шығады.
3 қаңтар күні Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясынан жасаған үндеуінде Трамп Венесуэлада жүргізілген операция мен латынамерикалық елдің болашағына тоқталып, өтпелі кезең аяқталғанға дейін АҚШ елді басқаруды өз қолына алатынын мәлімдеді.
Бұған дейін бірқатар елдің билігі АҚШ-тың Венесуэла аумағына ауқымды соққы беруінен кейінгі жағдайға алаңдаушылық білдірген болатын.


