Жәрдемақының мөлшері айына 1200 сомды құрайды.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Халықаралық әйелдер күніне орай, 8 наурызда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 3 жасқа дейінгі барлық балаға арналған жаңа ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы — «Бала ырысы» бағдарламасын енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп жазады inform.kz.
Президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, төлемдер биыл 1 шілдеден басталып, отбасының табыс деңгейіне қарамастан 3 жасқа дейінгі әрбір балаға тағайындалатын болады. Жәрдемақының мөлшері айына 1200 сомды құрайды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл шешім азаматтардан түскен көптеген өтінішке жауап ретінде қабылданды және баланың дамуы үшін ең маңызды кезеңде отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған.
— Мемлекет басшысы ретінде мен мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі бойынша түскен шағымдарды көріп отырмын, онда төлем алу ісі дерлік шешілмейтін кедергілерге айналады. Көптеген ананың нақты қажеттіліктері назардан тыс қалады. Отбасылар мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр, бірақ қолдау орнына олар бас тартулар мен шексіз бюрократиялық шеңберлерге тап болады. Бұл, әсіресе нәрестелерге қатысты болғанда, мүлде қабылданбайды. Өмірдің алғашқы жылдарында адамның өмір бойына сақталатын ең маңызды физикалық және ақыл-ой қабілеттері қалыптасады. Сондықтан мен бүгінгі Жарлық арқылы Үкіметке «Бала ырысы» жаңа жәрдемақысын енгізуді тапсырамын, — деді Садыр Жапаров.
Ел басшысының сөзінше, әр бала өз несібесімен дүниеге келеді.
— Әрине, кейбір адамдар жәрдемақыны дұрыс пайдаланбау жағдайлары болуы мүмкін дейді. Бірақ менің ойымша, мемлекет кейбір артық төлемдер жасағанымен, нағыз мұқтаж бір бала көмексіз қалмайтын болса, бұл әлдеқайда дұрыс, — деп атап өтті Қырғызстан президенті.
Сонымен қатар, Президент жаңа әлеуметтік қолдау шарасы балалар кедейлігін азайтуға және баланың дамуы үшін ең маңызды кезеңде отбасыларға кепілдендірілген көмек көрсетуге бағытталғанын айтты.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қырғызстанда 3 жасқа дейінгі шамамен 445 мың бала тұрады.
Осыдан бұрын Қырғызстанның халықаралық резервтері алғаш рет 10 млрд доллардан асқанын жаздық.


