Алтын бағасы арзандай бастады

0
116

Чикаго тауар биржасындағы алтын фьючерстері 2,3 пайызға арзандап, бір унциясы 4400 долларға дейін түсті.


Алтын бағасы арзандай бастады

Фото: nationalbank.kz

ERNUR.KZ. Бұл кейінгі екі айдағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі саналады, деп жазады inbusiness.kz.

Осылайша, әлемдік нарықтағы алтын бағасы күрт төмендеді деуге негіз бар. Сарапшылардың сөзінше, бағаның құлдырауына бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – АҚШ пен Иран арасындағы геосаяси келіссөздердің нәтиже бермеуі. Сондай-ақ, Америка Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақтауы негізгі себеп ретінде аталып отыр.

Нарықтағы ахуалға байланысты инвесторлар тәуекелі төмен активтерге бет бұра бастаған. Әсіресе, доллардың күшеюі алтынға деген сұранысты әлсіреткен. Өйткені пайыздық мөлшерлеме жоғары болған кезде инвесторлар табыс әкелмейтін алтыннан гөрі долларлық активтерді тиімді көреді.

Қаржы сарапшыларының айтуынша, қазіргі құбылыс уақытша болуы мүмкін. Себебі, әлемдегі геосаяси тәуекелдер әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Десе де, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы инвесторларды доллар мен америкалық облигацияларға көбірек назар аударуға итермелеуде. Соның салдарынан алтынға деген сұраныс төмендеп отыр.

Мамандардың сөзінше, алдағы апталарда АҚШ экономикасына қатысты жаңа статистикалық мәліметтер жарияланады. Егер инфляция баяулап, Федералды резерв жүйесі мөлшерлемені төмендетуге ишара жасаса, алтын бағасы қайта көтерілуі мүмкін. Ал әзірге нарықтағы көңіл күй доллардың пайдасына өзгеріп отыр.