Әлемдегі ең кедей президент қайтыс болды

0
102

Уругвайдың бұрынғы президенті 90 жасқа толуына бірнеше күн қалғанда онкологиядан көз жұмды.


Әлемдегі ең кедей президент қайтыс болды

Фото: oxu.az

ERNUR.KZ. Ел арасында "әлемдегі ең кедей президент" атанған Хосе Мухика 89 жасында қайтыс болды, деп жазады inbusiness.kz.

"Біздің жолдасымыз Пепе Мухиканың қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз", - деп жазды Уругвай президенті Яманду Орси X әлеуметтік желісінде.

Орсидің айтуынша, Мухика тек президент емес, сонымен қатар, белсенді, үлгі тұтарлық тұлға және көшбасшы болған.

"Сені қатты сағынамыз, қымбатты қария. Барлығы үшін және халқымызға деген шексіз махаббатың үшін алғыс айтамыз", - деп қосты Уругвай президенті Яманду Орси

Мухика 1935 жылы 20 мамырда Монтевидеода дүниеге келген, ал 2009 жылы Уругвай президенті болып сайланды. Ол бұл қызметті 2015 жылға дейін атқарды.

Жастық шағында, 1960-70 жылдары ол Куба революциясы идеяларымен рухтанған және билікке қарсы партизандық әдістерді қолданған солшыл радикалды "Тупамарос" қозғалысы құрамында соғысқан.

Ол 6 рет жараланып, 14 жылын түрмеде өткізген. Оның көп бөлігін жалғыз адамдық камерада отырған. 1985 жылы Уругвайда демократия қайта орнағанда бостандыққа шыққан.

2024 жылғы қаңтарда Мухика өңеш қатерлі ісігінің басқа ағзаларға таралып кеткенін және емге көнбейтінін хабарлап, әрі қарайғы емнен бас тартып, отандастарымен қоштасқан болатын.

Әйелімен бірге гүл өсіріп сатумен айналысқан, президенттік кезінде жалақысының шамамен 90 пайызын қайырымдылыққа берген, ал жалғыз меншігі – шағын фермасы мен 1987 жылғы Volkswagen Beetle көлігі болған.

2024 жылғы мамырда оған өңеш қатерлі ісігі диагнозы қойылып, кейін ол бауырға таралған.