АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан қарызын төлемей шығып кетті

0
86

Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды.


АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан қарызын төлемей шығып кетті

Фото: Fabrice Coffrini/AFP via Getty Images

ERNUR.KZ. АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу рәсімін толық аяқтады, деп жазады inbusiness.kz.

Bloomberg пен Reuters агенттіктері Вашингтонның ұйым алдындағы 260 миллион долларға жуық қарызын өтемегенін жарыса жазды. Associated Press агенттігі берешек мөлшері 130 миллион доллардан асады деп бағалады.

АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу себебін ұйымның COVID-19 пандемиясына тиісті деңгейде жауап бере алмауымен, қажет реформаларды шұғыл жүзеге асыра алмағанымен байланыстырды. Сонымен қатар ДДСҰ ұйымға мүше елдердің саяси ықпалынан шыға алмағанын да айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің денсаулық ұйымынан шығу ниетін өткен жылдың 20 қаңтарында белгіледі. Reuter пен Bloomberg-тің жазуынша, АҚШ заңнамасының талаптарына сәйкес, ұйымнан шығу рәсімі бір жылдан кейін аяқталған. Себебі заң бойынша ұйым алдындағы барлық өтелмеген мүшелік жарналар толық төленуі тиіс.

Әртүрлі есептеулер бойынша АҚШ-тың ұйым алдындағы қарызы 130 миллион доллардан 260 миллион долларға дейін барады. Соңғы бір жыл ішінде АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобаларына қаржы бөлмеген әрі ұйымға мүшелік жарнасын төлемеген. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік департаментінің бірлескен мәлімдемесінде айтылған.

Осы уақытқа дейін АҚШ денсаулық сақтау ұйымының ең ірі демеушісі болды.