Бұл әдет ерлі-зайыптыларды ажырасуға апарады
Сурет: ЖИ
Ересектерге арналған контенттің қаралымы артқан сайын психологтар мен сексологтар тарапынан «Бұл шынайы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?» деген сұрақтар жиірек қойыла бастады. Зерттеушілер осы сұраққа жиі жауап іздейді.
Алғашында мұндай бейнелерді көрудің еш айыбы жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Көпшілік бұны күйзелісті басатын немесе төсек қатынасына жаңа дем беретін оңай жол деп қабылдайды.
Шын мәнінде мәселе біз ойлағаннан да тереңірек. Ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі де онлайн-эротикаға әуестенуі қалыпты құбылыс па? Бұл шаңырақтың шайқалуына себеп бола ма? Әлде экрандағы жасанды бейнелер уақыт өте келе шынайы сезімнің орнын басып кетпей ме?
Анайы видеолар тәуелділік тудырады
Оңай қол жеткізуге болатын кез келген нәрсе сияқты, мұндай видеоларды көру де тез арада әдетке айналып кетеді. Бұған қуаныш гормоны – дофамин себеп. Анайы фильмді қосқан сәтте миыңыз «Охо, бұл маған ұнайды, дәл осылай қайталағым келеді!» деп қуанады. Ал рахатқа бөленген кезде ми бұл жеңіл жолды тез жаттап алып: «Міне, керемет! Қалаған кезімде осылай жасай аламын, еш қиындығы жоқ!» деп тұжырым жасайды.
Шынымен де, бұл шынайы қарым-қатынасқа қарағанда әлдеқайда оңай. Өйткені шынайы өмірде тек өзіңді емес, қасыңдағы серігіңді де ойлауың керек. Оның көңіл-күйін көтеріп, қалауын ескеріп әрекет ету қажет.
Ал экрандағы кейіпкер сізден ештеңе талап етпейді. Әбігерге түскісі келмейтін миыңыз да бірден жеңіл жолды таңдап «Дайын видеоны қос та, рахаттана бер. Ешқандай күш жұмсаудың керегі жоқ, бәрі екі-ақ батырмамен бітеді» деп азғырады.
Анайы фильм көрмейтін жұбайлардың отбасы берік бола ма?
2011 жылы ғалым Аманда Мэддокс және оның әріптестері (Денвер университеті) 18 бен 34 жас аралығындағы отбасылы жастарды зерттей келе, қызық нәтижеге қол жеткізді. Ол жұбайлардың каншалықты жиі ұрысатынын, төсек қатынасына көңілі тола ма, жоқ па және көзге шөп салу туралы ойларын саралап көрген. Белгілі болғандай, еркектердің 77%-ға жуығы, ал әйелдердің 35%-ға жуығы мұндай видеоларды жалғыз өзі қарайды екен.
Ал бұл контенттен мүлде бас тартқан отбасыларда жағдай мүлдем басқаша: олар сирек ұрысады, бір-бірінің көзіне шөп салуға құмартпайды және төсекте өздерін әлдеқайда бақытты сезінеді.
Ал егер анайы видеоларды мүлде қарамау мүмкін болмаса ше? Бұл жерде де бір шешім бар. Бұл фильмдерді оңаша, жасырын емес, серігіңізбен бірге көрсеңіз, қарым-қатынасқа тигізер пайдасы көбірек болады екен. Түйіндей айтқанда: отбасыңызды сақтағыңыз келсе, мұндай туындылардан бас тартыңыз. Ал егер бас тарта алмасаңыз, оны тек бірге тамашалаңыздар.
«Анайы фильмдерді көретін жұбайлардың арасы суық болады»
Зерттеушілер Натаниель Ламберт пен Сесен Негаш және олардың әріптестері (Флорида мемлекеттік университеті) 2010 жылы қызық эксперимент жүргізіп көреді. Олар ерлі-зайыптылардың бірінің көзі байланып, екіншісінің айтуы бойынша сурет салуға тапсырма береді. Нәтижесінде, анайы видеоларды жиі тамашалайтын жұптар сынақтан өте нашар өткен. Бұл олардың арасында өзара түсіністік пен сенімнің азайғанын көрсетеді.
Басқа экспериментке екеуі де анайы видео қарайтын жұптар қатысты. Зерттеушілер қатысушыларды екі топқа бөлді. Бірінші топқа 3 апта бойы анайы фильмдерді көрмеу, ал екінші топқа сүйікті тамағынан бас тарту тапсырылды. Нәтижесінде бірінші топтағы қатысушылар осы үш апта ішінде қарым-қатынастары жақсарып, бір-біріне жақындай түскенін және жақсырақ түсіне бастағанын растады.
Андреа Мариа Гвинн мен Натаниель Ламберт адамдарды бұл видеоларда не қызықтыратынын және одан қандай ой түйетінін зерттеді. Белгілі болғаны:
1. Адамдарға экрандағы сырт келбеті тартымды әрі қолжетімді кейіпкерлерді тамашалаған ұнайды. Осыған байланысты, өз серігі бәлкім, экрандағыдай мінсіз емес, тым ашық емес және әрдайым дайын бола бермейтіндіктен, тартымдылығын жоғалтуы мүмкін.
2. Ересектерге арналған контент көрермендерді серікті жиі ауыстыру қалыпты құбылыс дегенге сендіреді. Бұл ой уақыт өте келе өз иіріміне тартып, отбасындағы сатқындық қаупі артады.
Әрине, бұл мәселеге барлық ғалым бірдей қарамайды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, анайы видеолар тәуелділік тудырмайды және ажырасуға басты себеп емес. Олардың ойынша, мұндай фильмдерге әуестену мәселенің себебі емес, керісінше салдары. Яғни, адамдар бұл видеоларды көргендіктен сезімдері сөнбейді, керісінше, арадағы сезім мен қызығушылық сөнгендіктен, осындай видеоларға өтеді.
Кейде мұндай контент жұбайлардың жабық тақырыптарды ашық талқылауына түрткі болуы мүмкін. Қалай болғанда да, «Play» батырмасын басарда ойланып, саналы шешім қабылдаған жөн. Бәлкім, сіз экрандағы жасанды бейнелерге сұқтанып отығанда,жаныңыздағы адам назарыңыз бен жылуыңызға мұқтар болар?
Егер адамға серігімен сөйлесу немесе ортақ мәмілеге келудің орнына, видеоны қоса салып ләззат алу оңайырақ болса, бұл анайы контентке әуестіктің кесірін тигізе бастағанының белгісі.
Не істеу керек?
- Мәселені серігіңізбен талқылаңыз. Сезімдеріңіз бен уайымды ашық айтыңыз. Мұндай контентті қарау уақытын шектеңіз. Саналы шешім назарыңызды қайтадан қасыңыздағы жанға аударуға көмектеседі.
- Эмоционалдық байланысты нығайту жолында жұмыс істеңіз. Ортақ істер мен сырласу екеуіңізге де көбірек қуаныш пен қанағат сыйлайды.
Бақыттың басты сыры экрандағы бейнеде емес, өз сезімдеріңіз бен жақындарыңызға көңіл бөлуде.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ӨМІРДЕГІ 18+ кинодағыдай болмайды


