​«Зорлайтын күйеуімнен қашып кеттім»: жамбылдық әйел ешкім білмейтін құпиясын жайып салды

0
2 457

«Күйеуім үйге келмесе екен деп тілейтінмін...»


​«Зорлайтын күйеуімнен қашып кеттім»: жамбылдық әйел ешкім білмейтін құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Отбасының ғұмырын берік ететін ең алдымен жұбайлардың арасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілік болса, екінші мәселе төсек қатынасы дер едім. Бірақ көбіне осы екінші мәселе бәрін шешіп жатады. Өйткені төсек қатынасы біз үшін «ұят тақырып» боп саналатын. Сондықтан ішіміздегі сырды ешкімге айта алмай, қысылып, қиналып өмір сүрдік. Тіпті сол ешкімге айта алмағанымның кесірінен ауыр дертке шалдықтым» дейді Ғалия есімді әйел.


Оқырманымыз басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Құдай маған бір ұл, бір қыз беріпті. Екеуін де үйлі-жайлы етіп, немере бағып отырған жас әжемін. Қартайып қалған жерім жоқ, менімен жастылар әлі де күйеуге шығып жатыр. Бірақ мен бірінші күйеуімнен кейін қатты қорқып қалғам. Әбден жерініп кеткем.


Институттың бірінші курсында оқып жүргенде бір жігітпен таныстым. Оқу бітіргенше қыз-жігіт боп кездестік. Жуас, әңгімесі, ниеті түзу болатын. Пысықтығы, еңбекқорлығы өз алдына еді. Сонысына қызығып, тұрмысқа шығуға келісім бердім. Мен диплом алған күні алып қашты. Обалы не керек, ата-енем түсінігі мол, жақсы кісілер екен. Мені дереу мектепке мұғалім етіп кіргізіп қойды. Ал күйеуім аудан әкімінің шопыры боп орналасып алды.


Бір қарағанда тәп-тәуір өмір сүрдік, күйеуім де тым жақсы. Табысын шашпай-төкпей үйге әкеледі, мен дегенде шығарға жаны бөлек. Бір ғана мәселесі... түнгі тірлігі. Алғашқы неке түнінде-ақ жанымды көзіме көрсетіп, ауырғаннан екі күн орнымнан тұра алмай қалғам. Содан кейін төсек қатынасы десе кірпідей жиырылып қалатын болдым.


Күйеуім сырт көзге әлжуаздау, арықша келген жігіт боп көрінгенімен, төсекте өте қауқарлы еді. Таң атқанша маза бермейді. «Басым ауырып тұр» деген сылтауға көне салатын адам емес. Кәдімгідей зорлап, тірлігін тындыратын. Менің қалауым, денсаулығым, көңіл-күйім оны қызықтырмайтын. Түндегіге қанағаттанып қоя салмайды ғой, таң ата тағы түртпектейді...


Жүктілігіме де, басқама да қараған жоқ, роддомға кеткенше қыр-соңымнан қалмады. Қырық күн шілдемізден шығар-шықпас тағы сүйреді. Баяғы көрген күнім бала туғасын түк болмай қалды. Таңертең орнымнан әрең қозғалатын жағдайға жеттім. Аяқтарым сырқырап, ішкі-құрылысым ақтарылып кеткендей ауыратын.


Сөйтіп жүріп екіншімді көтердім. «Бүйткен өмірі құрысын» деп қыстығып жылап алатынмын. Кейде күйеуімді ашық әңгімеге тартып, «неге ондайсың, мені де ойлашы» деп жағдайды түсіндіруге тырысатынмын. «Мен сені жақсы көрем, қалаймын, қайта басқаларға қарамай, саған ынтыққаныма қуан» деп тырқылдап күліп алатын. Айтқанымды сол күйі ұқпай кетті.


Екі баладан соң мен біраз демалам деп шештім. Жұмысымды да дұрыстап, оның үстіне ата-енемізден енші алып бөлініп шығуымыз керек еді. Сонымен бұл ойымды күйеуім де қолдады. Бірақ нағыз азап енді басталды мен үшін. Күйеуім төсек қатынасының түр-түрін ойлап шығаратын болды. Оның бәрін кімнен, қайдан көріп үйреніп жүргенін сол күйі түсіне алмадым. Күндерім жылаумен өтетін болды. Денемдегі қорқыныш сезімі ауруға айналды. Кеш батпаса екен, күйеуім үйге келмей-ақ қойса екен деп тілейтінмін.


Бір күні қансырап, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Жағдайымды күйеуіме айтып ем, «сенікі еркелік қой, мен кеттім жұмысқа» деп кете барды. Қайдан Құдай айдап әкелгенін білмеймін, сол күні мені іздеп төркінімнен мамам мен ағамның үлкен қызы келіпті. Екі бүктеліп жатқанымды көрді де, дереу жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға апарды.


«Қызыңыздың жағдайы қиын, жатырында қатерлі ісік бар» деді мамама. Сол жерде отырып төрт жыл бойы ішіме жиналып қалған сырды ақтарып, әбден жыладым. «Енді қалсам өлетін сияқтымын, мама» дедім. «Сорлы-ау, неге айтпайсың оныңды» деп мамам әбден ұрысты. Қайдан білейін, анаңа төсек қатынасын айту ол кезде ұят боп саналатын еді ғой.


Содан мамам дереу ата-енемді шақыртып, күйеуімді ортаға салып, жатын бөлмеміздегі мәселеміз майшаммен қаралды. «Сорлы-ау, есің дұрыс па сенің» деп енем баласын төмпештеп алды. Ал мамам ата-енемнен рұқсат сұрап, мені ажыратып алды. «Бұл да табиғи қажеттіліктен барған шығар ондай тірлікке, ешкімге кінә арта алмаймын. Бірақ қызым анау екі баласына керек. Өзіміз емдетіп, денсаулығын қаратамыз» деп әңгіменің басын ашып алды.


Мен содан кейін күйеуге тимедім. Ұзақ емделіп, балапандарымды аяқтандыру үшін жұмыс істеп, барымды да, нарымды да соларға бердім. Күйеуім менен кейін екі әйелге үйленді. Олар да көп ұзамай кетіп қалыпты. Білмеймін, ажырасуларына не себеп болғанын, бірақ кінәні күйеуімнен көрем...


Жақында бір құрбым назын айтып келіпті, «күйеуімнің дым ықыласы жоқ, өздігінен мені іздемейді» деп тұр. Апыр-ай, біреу аз деп жылайды, мен көп деп отбасылық өмірден қаштым. Барлық нәрсе өз мөлшерімен болмаса қиын екен ғой».