Түркістанда халық әртістеріне арналған сахна залы мен аудиториялар ашылды

0
390

Оқу орнында болашақ өнер жұлдыздарын тәрбиелеп, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жайлы баяндады.


Түркістанда халық әртістеріне арналған сахна залы мен аудиториялар ашылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде сахна залы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залы ашылды. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртістері, оқу орданың профессорлары – Қажыбек Бекбосынов пен Рахима Жұбатурова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті.


Үш алыптың өнегелі өмір жолы мен өнерін студент жастарға насихаттап, рухтарына тағзым ету үшін еліміздің әр өңірінен ұстаздардың көзін көрген игі жақсылар мен отбасы мүшелері, шәкірттері мен әріптестері жиналды.


Университет ректоры Жанар Темірбекова жиынды ашып беріп, жылдар бойы елеулі еңбек еткен біртуар тұлғалардың оқу ордасы үшін орны бөлек екенін жеткізді. Оқу орнында болашақ өнер жұлдыздарын тәрбиелеп, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жайлы баяндады. Бүгінде ол кісілердің шәкірттері тәрбиелеген шәкірттердің өнері мен жеткен жетістіктері туралы тілге тиек етті.


«Бүгінгі іс-шара өте ерекше. Райымбек Сейтметов, Қажыбек Бекбосынов, Рахима Жұбатурова да Түркістанға келген сәтінен бастап, адал қызмет етіп, ең маңызды тұлғалардың қатарында болды. Бұл жандардың есімдері қазақтың өнер тарихында өшпес, алтын әріппен қалады. Ол кісілердің рухына бас иеміз!», – деді ректор.


Келесі кезекте, ректор өкілі Наджи Генч өзінің құттықтау тілегін жеткізді. Өнер мен мәдениетсіз мемлекет болмайтынын, ол жолда еңбек еткен әр жанның қадірі мен орнын айтты. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты Бекарыс Шойбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев естеліктерімен бөлісіп, ақ тілегін арнады. Ұстаз есімін ұлықтағаны үшін отбасы мүшелері алғысын білдірді.


Рухани кеш соңында «Актерлік өнер» мамандығының 4-курс студенттері Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр» драмасын сахналап, жиналған қауымның қошаметіне бөленді.


Айта кетейік, Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға. Кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанда театр ашып, мәңгі тарихта қалды. Сонымен қатар Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашқан. Ал Қажыбек Бекбосынов халық әндерін кәсіби орындаумен көптің жүрегінен орын алған. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, еліміздің бірқатар оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. Ол дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен көзге түсіп, үш жүздің ән мектебін бір жүрегіне сыйғызған.


Рахима Жұбатурова қазақ опера және балет театрының лирико-драмалық сопрано әншісі, атақты Нәдия Шәріпова, Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алған, өнер жолында талмай еңбек етіп, көптеген шығармаларда басты партияларды, соның ішінде Татьяна, Амелия, Тоска, Сара, Дана, Қамар сұлудың арияларын шырқап, бейнесін сомдаған.