Ауыр КӨРПЕНІ ЖУУ ҮШІН қажетті кеңес

0
3 476

​Ауыр жамылғыларды жуудың оңай жолы.


Ауыр КӨРПЕНІ ЖУУ ҮШІН қажетті кеңес

Кейде ауыр жамылғылар, әсіресе екіадамдық көрпені жуып тазарту қиын болады. Кір жуғыш машинаға сыймайтындары да бар. Ал мұндай көлемді, ауыр затты қолмен жууға кұш керек-ақ. Химиялық тазартуға беру қалтаны қағады. Төменде ауыр жамылғыларды еш қиындықсыз, ешкімнің көмегінсіз-ақ жалғыз өзіңіз жуып, сығып алудың оңай әдісі жазылған.


Көрпені жуудың ең қарапайым тәсілі

Ең алдымен ваннаға немесе үлкен шылапшынға жылы (ыстық болмауы керек, шамамен 40 градус) су толтырып аламыз. Азырақ кір жууға арналған ұнтақ пен бірнеше тамшы ыдыс жууға арналған кез-келген сұйықтық құямыз. Ұнтақ еріген соң жамылғыны саламыз. Жамылғы суға толықтай батуы қажет. 1-2 сағатқа жібітіп қойған дұрыс.


Жуу процесі

Жамылғыны қолмен емес аяқпен жуамыз. Қолдың күші кетіп қалатындықтан жібіп тұрған жамылғыны аяқпен басамыз. Әбден басып, таптап жуып болған соң суды төгеміз. Қайта жылы су құйып, қайта аяқпен басамыз. Екінші жуған кезде ұнтақ қосудың қажеті жоқ. Оны шайып тастау қиын. Егер кірі кетпесе ыдыс жуатын сұйықтық құюға болады. Ол тез шайылады және майлы кірлерді жақсы алады. Екі рет жуып, екі рет шаю жеткілікті болады.


Сығу

Сығуда да аяқтың күшін пайдалануға болады. Ол үшін шайған суды төгіп тастап қайта аяқпен басу керек. Жақсы сығылуы үшін бірнеше қайтара бүктеп үстінен басқан жөн.

Ауыр жамылғыны ары-бері арқалап жүрмес үшін жанына орындық қойып, соның үстіне жамылғыны тастап қалған суын сорғытып алу керек. Бұл 4-5 сағат уақыт алуы мүмкін. Сондай-ақ егер жамылғыны жуған жердің айналасы таза болса онда орындық қоймай-ақ оның орнына жерге (әрине, топырақты жер болмайды) қалыңдау етіп мата төсеп, жамылғыны соның үстіне қоямыз. Біраз суды тартып алған соң астындағы матаны ауыстыру керек.

Жамылғының суы әбден сорғыған соң далаға апарып жайып, толықтай кептіріп алу қажет.

Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын!

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Шабдалыны КҮЗДЕ жақсылап СУҒАРСАҢЫЗ, келер жылы МОЛ ӨНІМ АЛАСЫЗ.