​ТҮРКІСТАНДА «ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ: БҮГІНГІ МІНДЕТ, ЕРТЕҢГІ НӘТИЖЕ» ТАҚЫРЫБЫНДА ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

0
202


​ТҮРКІСТАНДА «ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ: БҮГІНГІ МІНДЕТ, ЕРТЕҢГІ НӘТИЖЕ» ТАҚЫРЫБЫНДА ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

Бүгін «Түркістан облысының Психологиялық қолдау орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Психологиялық қолдау: бүгінгі міндет, ертеңгі нәтиже» тақырыбында пленарлық секция өтті.


Жиынның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру, балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру, жасөспірімдер арасындағы психологиялық мәселелердің алдын алу және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Кеңеске білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, психологтар мен сала мамандары қатысты. Жиында Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Түркістан облысы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, «ҚР Қызыл ай» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының директоры Малика Жусупова, Түркістан облысы Полиция департаменті басқармасының басшысы Ермек Өсербаев сөз сөйлеп, психологиялық қолдау бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Сонымен қатар жиын барысында отбасы психологы, «Отбасы Академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабай, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Коммуникативтік дағдылар кафедрасының профессор ассистенті Айжан Құдайбергенова, «REFRAME» тұлғалық дамыту орталығының директоры Гүлжан Вероцкая, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық денсаулық орталығы» КММ дәрігер-психиатры, сарапшы, суицидолог Зулфия Қалиева және «Түркістан облысының Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұханбетова баяндама жасады.

Спикерлер бала мен жасөспірімнің психологиялық саулығын сақтау, отбасылық қарым-қатынасты нығайту, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, қиын жағдайдағы балаларға дер кезінде көмек көрсету және педагог-психологтардың кәсіби жауапкершілігі мәселелерін қамтыды. Бұдан бөлек, психологиялық қолдаудың тиімділігі тек мәселе туындаған кезде көмек көрсетумен шектелмей, оның алдын алуға, баланың эмоционалдық жағдайын ерте анықтауға және қолайлы психологиялық орта қалыптастыруға бағытталуы қажеттігі атап өтілді.

Аталған жиын сала мамандарының өзара тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелерді талқылауына және алдағы оқу жылындағы психологиялық қолдау жұмыстарының негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Секциялық жұмыс кезінде орталық қызметкерлері техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, мектеп пен балабақшалардың педагог-психологтарына кеңес беріп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Жиын соңында қатысушылар білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы оқу жылына арналған ортақ міндеттерді айқындады.