​Түркістанда халықаралық қазақ әндері фестивалі өтеді

0
107

Биыл фестиваль 7-ші рет ұйымдастырылмақ.


​Түркістанда халықаралық қазақ әндері фестивалі өтеді

Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан аясында Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2026 жылдың 25-26-27 қыркүйек күндері Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан аясында Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Фестиваль Түркістан облысы әкімідігің, облыс әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлының қолдауымен өтеді.

Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері фестивалі – қазақ музыкасын және қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттайтын, Түркістанның тарихи-мәдени келбетін әлемге танытатын ірі мәдени жоба. Биыл фестиваль 7-ші рет ұйымдастырылмақ.

Биылғы ән додасына Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Қырғызстан, Куба, Гвинея, Қарачай-Черкес Республикасы, Башқұртстан және Бразилия елдерінен келген әншілер қатысады.

Фестиваль аясында қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, түркі әлемінің танымал жұлдыздары бір сахнада бас қосады.

Фестивальдің басты мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару, қазақ музыкасының халықаралық беделін арттыру және Түркістанды түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығы ретінде кеңінен таныту.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Қазылар алқасы және кеш қонақтары: Төлеген Мұхаммеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағлан Омаров, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы, Сырым Исабаев, Ғәділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Гүлсім Мырзабекова, Әли Өтенов және Мейіржан Алиакбаров.

Өтетін орны: Түркістан қаласы, «Керуен сарай» туристік кешені

Өтетін күндері: 25-26-27 қыркүйек, 2026 жыл

Ұйымдастырушы: Түркістан облысының әкімдігі, мәдениет басқармасы

Бөлісу